Úı ANONS Баланың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Баланың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Шымкент қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалыс кезеңінде болатын қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелеріне арналған арнайы брифинг өтті. Онда жауапты сала өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, өзекті мәселелерге тоқталды. Мамандардың айтуынша, ата-аналар арасында қауіпсіздік мәдениетін күшейту қажет. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау, су айдындары мен бассейндердегі қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне немқұрайлы болмау керек деп отыр.

 

Брифинг барысында балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналар жауапты екені айтылды. Өкінішке қарай, кей жағдайда ата-аналардың бақылауынсыз қалған балалар түнгі уақытта көшеде жүреді. Мамандар мұндай немқұрайдылық түрлі қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

 

САПАРҒАЛИ МАМЫТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: «Ағымдағы жылы түнгі уақытта жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, 22-00 ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз  ойын сауық орындаырында 392 жасөспірім, ал 23-00 тұрғын үйден тыс жерлерде 5500 астам жасөспірім жүргені анықталып отыр. Бұл тек сан емес. Әрбір санның артында бір құқықбұзушылық бар. Яғни, бір отбасыны немесе жасөпірімді қайғыдан аман алып қалуға болатынын атап өтуге болады».

 

Сондай-ақ, қала аумағындағы бассейндер мен суға шомылу орындарының қызметі тұрақты бақылауда дейді жауаптылар. Соған қарамастан, демалыс орында қайғылы жағдай тіркелген. Осыған байланысты, құзырлы органдар демалыс аймағының заң талаптарына сәйкестігін, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларының болуын, төтенше жағдайлар қызметінің талаптарының орындалуын, қауіпсіздік шараларының сақталуын және пайдаланылатын судың сапасын тексеруде. Бұдан бөлек, балалар мен ересектерге арналған бассейндердің бөлек ұйымдастырылуы қажеттігі де назарға алынады деп отыр.

 

ҚАЙСАР ҚАЛДЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: «Мен айтқым келіп отырғаны «Рауан ранчта» кеше  қайтыс болған бала фактісі бойынша  ҚР Қылмыстық кодексінің 306 бабы 3 бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру құжаты тіркеліп, қазір тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде. Қала прокурорының жіті бақылауында тұр».

 

Жауапты мамандардың мәліметінше, баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің 70 пайызы ата-аналарға тиесілі. Сондықтан бұл мәселені тек мемлекеттің міндеті деп қарамай, қоғам болып бірлесіп жауапкершілік арқалау маңызды дейді балалардың құқығын қорғау басқрамасының басшысы.

 

МӨЛДІР КЕУЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бала өзіміздікі, ҚР туған бала өзіміздікі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар дейміз ғой, олар ата-анасыз қалған жоқ, олар мемлекеттің балалары. Соларды тәрбиелеу, білім беру, қауыпсіздігін қорғау бойынша біз бармыз, журналистер бар, барлығымыз бірлесіп, мониторинг ұйымдастырыайық».

 

Қалада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Десе де, мамандар жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмауға, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауда ұстауға шақырады. Өйткені қауіптің алдын алу қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы деп отыр.

Нұргүл Жолымбетова