«Құдай берсе, бас тартпаймын»: 41 жастағы әскери қызметкердің 9 баласы бар

107

«Отан отбасынан басталады». Бүгінде әскери қызметкер Батырғали Мелдебековтің 9 баласы бар. Көпбалалы әке «перзенттерімнің тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін» дейді. Олармен жиі сырласып, үнемі ақылын айтып отырады екен. Бүгінде Леңгір қаласындағы бұл үлгілі отбасыға таңдана қарайтындар қатары қалың.

41 жастағы Батырғали Мелдебековтың тоғыз перзенті бар. Өмірде «Қатал әкемін» деген әскери қызметкер бүгінде 7 ұл, 2 қыз өсіріп отыр. Ол балаларымның тәрбиесіне баса назар аударамын дейді. Үлкендерімен сырласып, кішілерін еркелетіп өсіреді екен.

Батырғали Мелдебеков, 6698 әскери бөлімінің қызметкері: «Балаларыммен жиі сырласамын. Әсіресе қазір кішкентайлар жұмыстан келем болды қасымнан шықпайды. Жабысып алады. Алдыма отырып алады, болды ғой. Тіпті киімімді ауыстыра алмай қаламын. Біразға дейін киіммен жүремін. Жалпы бала-шағаны қаталдау тәрбиелемесе, енді шекарадан да шығуға болмайды енді. Кейде жұмсақ болу керек. Олардың да айтқан тілін алып, көңіліне қарап, олар менің көңіліме қарап деген сияқты. Жұмыстан қандай көңіл-күймен келемін, соның бәрін қарап өздері бақылайды».

Ал әскери қызметкердің жұбайы 35 жаста. Жадыра Утебаева көпбалалы отбасыға халықтың таңырқай қарайтынын жасырмады. Тіпті сенбейтіндер де баршылық дейді.

Жадыра Утебаева, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері: «Осы соңғымды перзентханада жатқан кезімде көбі сұрайды. «Қаншасыншың? Үшіншің ба деп?». Мен күліп жоқ тоғызыншы деймін. Ағам айтады үлкен хюндай алып алыңдар, мына машиналарың болмайды деп күледі. Жалпы негізі таңырқай қарайтындар көп. Қызығып сұрап жатады».

Алтын алқа иегерінің айтуынша, әр баланың мінезі әр түр түрлі. Тіпті, кейде кімге ұқсайтынын ажырата алмай қаламыз дейді Жадыра.

Жадыра Утебаева»Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегері: «Кейде тіл алмай жатса, әкең келеді деп ұрсамыз. Әкесімен қорқытамыз. Тоғызының мінезі әртүрлі. Енді мына кішкентайды білмейміз әлі. 8-нің мінезі 8 түрлі ғой. Ұқсамайды. Мынауымыз бұзықтау, ерке. баласы: Мен бұзық емеспін. Арасы жеті жыл болған соң еркелеу».

Көпбалалы отбасы Алла берсе әлі де перзент сүйгіміз келеді дейді. Өйткені әр бала өз несібесімен.

Әскери қызметкер жұмыс бабымен өзге қалаға кетсе, балалары бірден әкесін іздейді екен. Батырғали Мелдебеков те үнемі сағынып тұрамын дейді. Әсіресе Қаралы қаңтар кезінде елдің тыныштығын қамтамасыз еткен азаматтар 10 күн бойы үй бетін көрмепті.

Батырғали Мелдебеков, 6698 әскери бөлімінің қызметкері: «Біраз үйдің бетін де көрмедік. 10 күн шамасында үйде болмадық. Үйге келген кезде бала-шаға бәрі сағынып қалған. Құшақтап қайта-қайта, қасымнан шықпай. Өзім де сағындым. Енді үйден бір күн кетсек те бала-шаға іздей бастайды ғой. «Әкешім қайда? Әкешім қайда? деп».

Леңгір қаласының тумасы Батырғали Мелдебеков Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде қызмет етеді. 2008 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген азамат материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының инженерлік күзет құралдарының бөлініс бастығы. Әскери адам, Отанды қорғау отбасынан басталады деп есептейді.

                                                                         Мөлдір Ибадуллаева