Танысының тонын ұрлап кетті…

44

Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, бірге тұрып жатқан танысы жалдамалы пәтерден өзіне тиесілі бір дана күзен ішігі (норковый шубасы) мен түлкі терісінен жасалған көкірекшені (песец жүнді жилетка) және жинаған ақшасын қолды еткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 700 мыңнан астам теңгені құраған.

Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алған. Ұрыны ұстау мақсатында Еңбекші АПБ-ның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, жақын маңдағы көршілер мен көрген-білгендерден жауап алды. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары жіті қаралды. Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрлық жасаған азаматшаны полицейлер қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол бұрын сотты болмаған қала тұрғыны болып шықты. Қолды болған заттар иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарына жеке мүліктеріне аса сақ болуға шақырады. Сондай-ақ, қала тұрғындарына мүлік ұрлығының құрбаны болмас үшін бағалы заттар мен ақшаны сенімді жерде сақтап, өзіңіздің құнды заттарыңызға мұқият болуды ескертеді.

Егер, Сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.