Түркістандықтар облыс әкіміне өтінішін жеткізді

51

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Халықтың басым бөлігі инфрақұрылым, шаһарды дамыту және туристік әлеуетін арттыру жөнінде өтінішін жеткізді.

Мәселен, Алпамыс батыр, Саумалкөл және Сарыарқа көшелерінің тұрғындары кәріз жүйесімен толық қамту мәселесін көтерді. Облыс әкімі Түркістанның инфрақұрылымын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ол көшелердегі түйткіл де тарқатылатынын түсіндірді. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 4 жылда Түркістанның инфрақұрылымы жақсарып, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші еселеп артқан.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
«Түркістан қаласы мүлдем өзгерді. Жаңарды. Көшелері реттелді. Біз тек қаланың жаңа аумағы емес, ескі бөлігін де абаттандыруды, инфрақұрылымын жақсартуды назарда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласының 98,5%-ы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қала толық газдандырылып, экологиясы анағұрлым жақсарды. Сондай-ақ 2022 жылы 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселеді және 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, яғни асфальт төселеді. Мен қаланың экологиясын жақсарту, көгалдандыру ісіне баса мән беремін»

Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарын жеке өтініштері бойынша да арнайы қабылдады. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесі бойынша шағымын жеткізді. Аса мұқтаж, жағдайы қиын тұрғындардың проблемасын демеушілер арқылы жедел шешу тапсырылды. Сондай-ақ қоғамдық көлік, инфрақұрылым, жастарға қолдау түйткілдерін қозғап, демеушілік көмек сұрағандар кездесті. Облыс әкімі орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына және қала әкіміне әрбір өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.
                                                                               Мөлдір Ибадуллаева