Шымкент қаласының сәулет және құрылыс басқармасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Жауаптылардың айтуынша, есепті кезеңде қала аумағында құрылыс саласын жүйелеу, заңсыз нысандарды анықтау және мегаполис келбетін жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асқан.
Шымкентте өз бетінше салынған құрылыс нысандарын анықтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері 503 заңсыз нысан тіркеліп, тиісті басқармаға жолданған. Ал былтыр бұл көрсеткіш – 312-ні құраған еді.
ДӘУРЕН МҰҚАНОВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А: «Жыл басынан бері 503 нысан құрылысын анықтап, бақылау басқарма тарапына жібердік. Сол кісілер шара қабылдап, жер учаскесіндегі құрылыстың қожайынына ескерту жасап, шара қабылдап, ол қожайын құжаттарын реттемесе олар сотқа беруге жүгінеді».
Басқарма мамандарының мәліметінше, сәулеттік келбетті сақтау мақсатында сыртқы жарнама мен маңдайшаларды реттеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Заң талаптарына сай келмейтін жарнамалық құрылымдарды алып тастау бойынша түсіндіру және бақылау шаралары қабылданған.
ДӘУРЕН МҰҚАНОВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А: «Жарнама саласында бюджетте жыл басынан 650 млн. теңге бекітілген болатын. Қазіргі уақытта 591 млн. теңге аса қаражат түсті. Алдағы кезеңде жарнама нысандарынан түсетін салық мөлшерін 2026 жылы 2 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарлануда басқарма тарапынан».
Алдағы уақытта басқарма қоғамдық кеңістіктерді дамытуға және қаланың келбетін жақсартуға бағытталған заманауи сәулеттік шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастырмақ.
Лаура Бабас






