Úı ANONS Жалдамалы пәтер сатып алу құқығымен беріліп жатыр

Жалдамалы пәтер сатып алу құқығымен беріліп жатыр

Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 24 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Баспаналар жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылып, азаматтарға кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Жыл басынан бері қалада жүзден аса отбасы осылайша қоныс тойын тойлаған.

Тағы 24 отбасы баспаналы болды. Соның бірі — Айжан Ахметова. Оның анасы Гүлзада Ахметова қызының тұрғын үй кезегінде 11 жыл тұрғанын айтады. Үш баланың анасы осы уақыт ішінде жалдамалы пәтерлерде көшіп-қонып жүрген. Бүгін кенже перзенті баспаналы болып, отбасының қуанышы еселеніп отыр дейді зейнеткер.

ГҮЛЗАДА АХМЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Есітен кезде жылап жібердім. Біз енді апалармыз ғой. Қуанып. Ал қазір келіп қуанып жатырмыз. Не айтарымзды білмей қуаныштамыз. Қаншама жыл, 11 жыл күтіпті айналайын. Қаншама пәтерде тұрды. Қиналды.  Енді міне, Құдайға мыңда бір шүкір. Жаңа жыл әрқайсымыздың отбасымызға жақсылық әкелсін»

Жалпы, жыл басынан бері қалада 187 отбасы қоныс тойын тойлаған. Бұл пәтерлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілген.

Біз тұрған Тұран шағынауданындағы мына көп қабатты үйдегі 80 пәтерді мемлекет сатып алған. Ондағы мақсат жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша қала тұрғындарына баспана кілтін табыстау. Қазір мұндағы 1,2,3 бөлмелі үйлер тұрғындарға беріліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, үй кезегінде тұрған азаматтар алдымен “Отбасы банк” арқылы жеке мәртебесін анықтап, өтінішін белсендіруі қажет. Осыдан кейін ғана таңдау бойынша келісімшарт жасалады. Қазір беріліп жатқан тұрғын үйдің барлығы сатып алу құқығымен ұсынылады. Ай сайынғы жалдау ақысы шамамен 20 мың теңге дейді жауаптылар.

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Бұл жерде алғашқы жарна төленбейді. Жарна төленетін, төлем қабілетін растайтын ол несиелік бағдарлама негізінде өтеді. Жалпы келіп жатқан пәтерлердің бәрін сатып алу құқығымен беріліп жатыр. Бәрі ма? Иә бәрі».

Қазіргі таңда Шымкентте 90 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 544 жалдамалы пәтер іріктелген. Оның 235-і бойынша келісімшарт рәсімделіп жатыр. Ал жоспарға сәйкес, алдағы уақытта мың жарымнан астам адамды баспанамен қамту көзделген.

Әсел Мәлік