Кентауда «Мемлекеттік рәміздер — ел мәртебесі» атты жиын өтті

98

Елімізде бүгін барлық аймағында бір уақытта Әнұранымыз шырқалды. Кентау қаласы «Ынтымақ» алаңында жиналған кентаулықтар мерекелік шараға белсенді атсалысып Рәміздерімізге деген құрметтерін көрсетті.

Салтанатты шарада құттықтау сөзді алған қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова «Туымыздың түсін, онда бейнеленген жарқыраған күнді, қалықтаған қыранды мақтан етейік, көкке көтере түсейік. Елтаңбамыздың өзі де ерекше бір әлем. Ал, «Менің Қазақстаным» атты Әнұран әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатындай тарихи, текті туынды» деді. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев қала тұрғындарын Рәміздеріміздің 30 жылдығымен құттықтады.

Қаншама ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап келген егемендіктің есігі — 1991 жылы 25-қазан күні Қазақстанның Республиканың декларациясы қабылдануымен белгіленеді. Бұл күн халқымыздың тарихында өшпес әріптермен жазылып қалары анық. Егемен ел атанып әлемге танылған Қазақстан дәл бүгінгі беделі мен биігіне жету жолында біршама белдеулерді артқа тастағаны белгілі. Еліміз егеменді ел болып, тәуелсіздік туын қуана көтеріп, дүние жүзіне қазақ ұлтын, Қазақстан елін танытқанына, Мемлекеттік Рәміздеріміздің қабылданғанына отыз жыл толды.

Еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды мерекеде қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдегниет сарайының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама ұласты. Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын патриоттық әндер шырқалып, «Тұлпар мініп ту алған» атты хореографиялық композиция қойылды.

Мерекелік шараның соңы қаланың спорт, мәдениет саласында жетістікке жетіп жүрген жастары мен белсенді тұрғындары Көк туымызды ұлықтау мақсатында шеру ұйымдастырды. Шеру қаладағы Абай даңғылы арқылы Яссауи көше бойымен 8 метрлік Туды биікке көтере ән шырқады. Мұндағы мақсат – еліміздің Рәміздерімен мақтану, өскелең ұрпақты елінің патриоты болуға, Тәуелсіз Қазақстанымызбен мақтану болып табылады.