М.Әйтенов шымкенттіктерді қала күнімен құттықтады

63

ҚҰРМЕТТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мегаполистің мерекесін, міне, биыл үшінші жыл қатарынан атап өткелі отырмыз. Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусын алған қысқа уақыт ішінде қаланы көркейту мен дамыту жолында ірі жобалар қолға алынып, нақты істер жүзеге асуда. Қала бюджетінің көлемі анағұрлым көбейіп, барлық салада жоғары даму көрсеткіші байқалды.
Атап айтар болсақ, мегаполиске құйылған инвестиция көлемі былтыр 60 пайызға артып, 460 млрд теңгеге жетті. Биыл бұл көрсеткішті 538 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Қала экономикасындағы ірі саланың бірі – құрылыста жалпы 1 триллион теңге айналымда жүр. Жаңа индустриалды аймақтар құрылып, онда арнайы жобалар қолға алынуда. Білім, медицина, әлеумет, инфрақұрылым салаларында да жаңалықтар мен жетістіктер көп.
Қала тіршілігі үшін стратегиялық маңызды нысандар іске қосылды. №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы – Қазақстандағы ең үлкен газ тарату станциясы. Енді қаладағы жаңадан ішкі жүйелері жүргізілген барлық шағын аудандарға газ беруге мүмкіндік туды. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсарту жолындағы маңызды қадам. «Бозарық», «1-М-1 қосалқы» электр станциялары арқылы 350 мыңға жуық тұрғынды сапалы электрмен қамтыдық. Ұзындығы 30 шақырымнан асатын қаланың Солтүстік Батыс бөлігінде орналасқан елдімекендерді ауыз сумен қамту мақсатында «Көмешбұлақ» су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Осылайша қала тұрғындарын 2025 жылға дейін ауыз су, жарық, газбен қамтылу көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарда бар.
Құрметті тұрғындар!
Еліміздегі үшінші қаланың гүлденуі шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, шырайлы шаһарымызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз.
Шымқаламыз көрікті, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!
Құрметпен,
Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ