Шымкентте заңсыз спирттік өнім шығарумен айналысқан жасырын цех анықталды

162

Шымкент қаласы аумағында екі жасырын цех анықталды. Біреуі Құрбан ата көшесіндегі жеке үйлердің бірін жалдаса, ал екіншісі «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан. Екі цехты да экономикалық-тергеп тексеру департаменті анықтаған.

Оларды 47 және 33 жастағы азаматтар басқарған. Дегенмен жасырын цехтардың бір-бірімен еш байланысы болмаған көрінеді. Қазіргі таңда дайындалған алкоголь өнімдері жойылған. Шыны бөтелкелер ұсақталып, ішіндегі алкоголь төгілген.

Мейрам Мұхтаров, Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы: «Біз  спирттік ішімдіктерді жою барысында иісінен жанында тұрудың өзі мүмкіншілік жоқ. Одан бөлек жасалған жеріндегі жағдай. Екі азамат, екі айыпталушыға қатысты екі іс қозғалды. Қазіргі таңда айыпталушылар өзінің кінәсін толық мойындап, 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа тартылып, 1 532 000 жуық айыппұл салынды».

Жасырын цехтарда жасанды есепке алу-бақылау таңбалары бар 6 мың дайын бос бөтелке, ал толтырылған 1200 шөлмек табылып, тәркіленген. Сондай-ақ, қақпақтары бар 18 қорап, 2 тоннаға жуық спирт сұйықтықтары, сондай-ақ түрлі ішімдік өнімдерінің 20 270 бос бөтелкесі тәркіленіп, жойылды. Айыпталушылар өз кінәсін толық мойындады дейді жауаптылар.

 Гүлдана Дәурен