Шымкентте заңсыз сатылымға шығарылған тауық жұмыртқалары анықталды. Ресейден әкелінген өнім қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеген. Заң бұзушылық «Жібек жолы» базарында жүргізілген тексеру барысында белгілі болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы хабарлады.
Жібек жолы ішкі сауда орталығында кәсіпкер ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, таңбаланбаған тауық жұмыртқасын сатылымға шығарған. Өнім зертханалық сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде оның қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы жойылды.
АЯН БАЙЖАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МАМАНЫ: «Бақылау барысында 11850 дана жұмыртқаның Ресей федерациясынан келгені анықталды. Ағымдағы жылдың 21 сәуірінен бастап, шет мемлекеттерден еурозиялық экономикалық одақ елдерден жұмыртқа өнімдерін әкелуге алты айға тыйым салынған. Бұл туралы хабарландыру жүргізіліген. Алайда, ағымдағы жылдың 3 маусым күні анықталып отыр».
Заңсыз өнімді саудаға шығарған азаматтарға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар уәкілетті органдарға жолданған. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы шектеулерге қарамастан, еліміздің кейбір өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату деректері әлі де кездеседі. Сол себепті мемлекеттік органдар базарлар мен сауда нысандарында бақылау жұмыстарын күшейтіп, жүйелі тексерулер жүргізіп жатыр.
АЯН БАЙЖАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МАМАНЫ: «Статистикаға сүйенетін болсақ, жұмыртқадан бастап, ауыл шаруашылық өнімдері анықталды жыл басынан бастап. Олардың да ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ. Нақты көзге көрінетін контрабандалы дейміз. Өзге мемлекеттерден келетін. Тиісті құжаттары жоқ. Аталған тауарлар, 15 кг тауық өнімдері. Оларда үкіметтің қаулысына сәйкес, тиісті орында жойылған».
Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам мен жануарларға ортақ түрлі аурулардың алдын алу бойынша күнделікті бақылау жүргізіледі. Оның ішінде, ет, сүт , жұмыртқа өнімдері тиісті құжаттарға сәйкес толық тексеруде екен.
Нұргүл Жолымбетова






