Мердігерлер құрылыс талаптарын орындауға міндетті

45

Шымкентте жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Жалпы, негізгі жолдар ғана емес, орамішілік шағын жолдар да жаңартылуда. Ғ. Іляев мен Желтоқсан көшелерінің тұйық тұсының тұрғындары жергілікті билік өкілдерінен мердігерлердің өз міндеттемелерін қалай орындап жатқанына назар аударуын сұрайды.

Желтоқсан мен Ілияев көшелері өткеліндегі жолда тамыз айында бастауын алған орташа жөндеу жұмыстары осындағы коммерциялық нысандарының жұмысына ыңғайсыздық тудыруда. Нысанда жалғыз техника жұмыс істегенімен, таңнан кешке дейін шаңнан көз ашпаймыз , құрылыс материалдары қалай болса солай әр жерде жатыр деп наразылықтарын білдіруде .

Назипа Байбосынова, қала тұрғыны: «Шаң-тозаң, құрылыс басталғаны кешке дейін шаң сүртіп, еден жуумен айналысып жатырмын. Әбден қиналып жатырмыз. Талабым бар құрылысшыларға олар да жұмыс істеп жатыр, бірақ біздің жұмысымызға ыңғайсыздық тудырмай жолға су сеуіп, тастарды  бір жерге жинаса болады ғой».

Құрылыс талаптарына  сәйкес, мердігер құрылыс барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық ескерту белгілерін орнатуға міндетті және шаң көтеріліп кетпеуі үшін учаскеде су шашатын машинасы болуы керек. Жарақаттың алдын алу үшін барлық құрылыс материалдары қауіпсіз жерде сақталуы шарт.

Дәурен Азаматов, «Достық Спецтранс» ЖШС директорының орынбасары: «Шаң болмайтындай суаруды міндетті түрде ұйымдастырамыз. Сондай-ақ жолдағы барлық брусчаткаларды жинаймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін коммерциялық құрылымдар қызметкерлері мен тұрғындардан кешірім сұраймыз».

Мердігер мекеменің өкілі түсіндіргендей, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Құжатқа сәйкес, Ілияев пен Желтоқсан тұйық көшесіндегі жолдың ені 6 метрге дейін кеңейтіліпті. Салдарынан жұмыс барысында кұрделіктер орын алған, енді барлық ескертулерді және ұсыныстарды ескерген мердігер нысанды екі аптада бітіруге уәде берді.

Шынар Оразова