Шымкенттегі транзиттік айналма жолда жүру қиындап тұр. Жергілікті тұрғындар шаң-тозаң, шұрқ тесік жол мен кептелістен шаршадық дейді. Ашынған халық құрылыстың біткенін күтіп, күн санап отыр.
Бұл Шымкенттегі айналма жол. Ел ішінде Алматы тас жолы деген атпен белгілі. Жөнделіп жатқанына біраз уақыт болды. Бір бөлігіне асфальт төселген, бір бөлігі шұрқ тесік. Жеңіл көлік те, жүк көлік те, қоғамдық көлік те осы жерден өтеді. Тұрғындар кептелістен, шаң-тозаңнан ығырымыз шығып кетті дейді шағынып.
«Жол мәселесі адамды қинайды. Жұмысқа жету қиын. Жарты сағатта жететін жерге бір жарым сағат бұрын шығамыз. Жаздыгүні – шаң, қыстыгүні – лай».
«Жұмысқа кешігіп барамыз. Аяғымыз былғанады, үстіміз былғанады». »
«Жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Балалар өтеді. Өте қауіпті. Қанша баланы қағып кетті. Нәтиже жоқ».
Дәл осы жолдың жөндеудегі бөлігінен күніне 5 бағытта 60-тан аса қоғамдық көлік қатынайды. Жүргізушілердің де айтатыны – осы. Шаң-тозаң мен кептелістен – денсаулығымыз, ойдым-ойдым жерден көлігіміз бүлініп жатыр дейді олар.
«Күнде осымен 9 рет былай, 9 рет жүреміз. Барып-келіп, барып-келіп. Жәй айдап уақытымыз кетеді. Сәл қатты жүргеніміз бұл. Фураның артымен жүрсек 1 мен жүрсе біз де сонымен жүреміз. Жаңбыр жауады ғой, езіледі мына жол. Бір жол болып қалады».
«Тегістеп, кішкене су сеуіп, сәл күн жылыса болды, машинаның бәрі шаң. Күнде сүртеміз. Тазалаймыз. Азанда келе жатқанның өзінде шаң болып келеміз. Адамдар түскен кезде де қорқасың. Жүгіріп кетеді».
«Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов жол толық жөнделгенше ең болмағанда ойдым-ойдым, тесілген жерлердің тегістеп берсе дейді.
ДАРХАН ҚАЮПОВ, «ЮЖАВТОТРАНС» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Сол жол бізді қатты шаршатып жатыр. Өте қатты шаршатып жатыр. Шынын айтқанда, танкадрон кәдімгі. Сол жерде 5 бағытымыз бар. 62 автобус күнде жүреді. Жанымыз ашиды. Жол жаман. Енді оны көрсеңіз жылайсыз. Енді біздің 10 метрлік автобустар жүріп жатыр. Обал енді жігіттерге».
Айтулы мәселе бойынша жауапты салаға сұрау салдық. Жазбаша жауаптан ұққанымыз, құрылыс жобасы 8 кезеңге бөлінген. Қазір 5-ші және 7-ші кезеңнің жұмысы істеліп жатыр. Ал 6-шы және 8-ші кезең жұмысы аяқталған.
«Қазіргі таңда Қазығұрт және Құрсай шағынаудандары аумағында жер қазу, топырақ төсеу және жол негізін асфальт-бетон жамылғысын салуға дайындау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, уақытша айналма жолдарды тегістеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, көше жарықтандыру жүйесін орнату басталды. Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты қала тұрғындары мен жол қозғалысына қатысушылардан түсіністік танытуды сұраймыз»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ
Айта кетейік, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жоба биыл аяқталады ден сендіреді. Бірақ бұл орындала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Оған дейін тұрғындар да, жүргізушілер де жол азабын тарта бермек.
Дилара Иса






