«Shymkent daryny camp»: Лагердегі оқу-жаттығуына 200 оқушы жіберілді

0

«Шымкент республикалық пән олимпиадаларының үздік үштігіне ену керек». Осылай мақсат қойған «Дарын» орталығының мамандары қазір дайындық жұмыстарын күшейткен. Тіпті, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, лагерде оқу-жаттығуын ұйымдастырып отыр. Айтуларынша бұл-білімге құштар балалардың ынтасын одан сайын арттыруға ықпал етеді.

Шымкентте 200-ге жуық пәндік олимпиада жеңімпаздары лагерде мемлекет қаражатына демалады. Олардың бірі 6 сынып оқушысы – Әділет Қонысбек. Ол Қазақстан тарихы пәнінен олипиадаға қатысып, жүлделі орын алған. Мұндай демалыс орнына бірінші рет келдім деген дарынды оқушы алғашқы күннің өзі қызық өтті дейді.

Әділет Қонысбек, №38 мектеп-гимназиясының оқушысы: «Мен Қазақстан тарихынан облыстық олимпиадаға қатысқаным үшін осы лагерге мені шақырды. Бүгінгі күнім өте күшті өтті. Маған өте қатты ұнады. Жаңа таныстар таптым. Түрлі-түрлі ойындар өттік. Таулар, табиғат салқын ауа бәрі күшті өте».

Жеңімпаз балалардың демалысы үшін жергілікті бюджеттен 60 млн. теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға мектеп оқушылары тұмса табиғат аясында демалып қана қоймай алдағы олимпиадаларға да дайындалады.

Сабина Каирбай, тәрбиеші: «Креативті балалар екен. Үлкендер де айтып жатыр, балаларың өте белсенді екен деп. Соның өзіне қуанып қалдым. Жалпы балалар 10 күн демалады. Күнде таңдау пәндері бойынша сабақ өтеді. Азанда алып кетеміз, сабақтарын бақылаймыз, қадағалаймыз, жағдайларын жасаймыз. Үш күн сайын шомылу болады. Күн сайын ойындар болады. Осы күндерді қызық өткіземіз. Және де осы лагерде өткізген күндерін сағына еске алса екен».

«Шымкент дарыны кемп» жобасын қалалық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығы ұйымдастарған. Орталық директорының айтуынша, мұндай дарынды балаларды қолдау шарасы ел бойынша алғаш рет үшінші мегаполисте өтіп отыр. Жалпы, бұл лагердегі оқу-жаттығу қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша жүлделі орын алған балаларға арналған.

Раушан Жиренова,  Шымкент қалалық «Дарын» орталығының директоры: «2021 жылы біздің оқушыларымыз олипиадағы қатысып, 48 медаль қоржынға әкеліп, Шымкенттің абыройын асқақтатты. Оның 9-ы алтын, 14-і күміс, 25-і қола. Байқасақ мына 48 медальдің ішінде 17-і жаратылыстану-математика, ал 31 медаль қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша. Яғни мұны жергілікті мектеп мұғалімдері дайындады. Сол үздіктерді дайындаған жетекшілерін лагерге келді. Әрі демалады, әрі балалармен сабақ өтеді. Бұл да мұғалімдерге мотивация».

«Дарын» орталығының негізгі мақсаты- дарынды оқушыларды анықтау, оларды қолдау және дамыту. Ашылғанына небәрі 2 жыл болса да, қазірдің өзінде орталық ұйымдастырған шараларға 60 000-нан астам оқушы қатысып үлгерген.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева