Шымкент әуежайында арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Мамандар ұшақ ішінде қауіпті ауру жұқтырған жолаушы болса, қалай әрекет ететіндерін көрсетті. Мегаполис әуежайы төтенше жағдайға дайын ба?
Шымкентке ұшып келген жолаушыдан жұқпалы дерт анықталды. Мамандар айтулы жолаушымен жақын байланыста болған азаматтарды анықтап, оларға зертханалық тексеру тағайындады. Алайда бұл тек арнайы оқу-жаттығу жиыны. Осылайша әуежай қызметкерлері төтенше жағдайда қалай әрекет ететінін көрсетті.
ЕРЛАН РЫСҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ БӨЛІМШЕЛІК КӨЛІКТЕГІ СЭББ БАСШЫСЫ: «Көктем, күз айларында арнайы аса қауіпті жұқпалы және карантинді аурулар бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Біздің тарапымыздан осы бақыланады. Мынау бүгін көргендеріңіз мысалы шетелден әуе көліктерімен келетін адамдардың арасында жұқпалы аурулар шыққан жағдайда соның алдын алу бойынша, сол адамдарды қабылдап алу, жатқызу бойынша іс-қимылдардың ойын-жаттығуын көрдіңіздер»
Мамандар қазіргі уақытта әлемде түрлі жұқпалы аурулар белең алып тұрғанын атап өтті. Сол себепті олар Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Үндістаннан келетін азаматтардың қатаң бақылауға алынатынын хабарлады.
ДАРИЯ ӘЗІМБАЕВА, КӨЛІКТЕГІ СЭБД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Маймыл шешегі бойынша эпид ахуал нашар әлемде. Сондықтан күнделікті мониторинг жүргіземіз. Осы маймыл шешегіне байланысты және де инфекциялық ауру Индиядан тіркеледі. Оңт Шығыс Азия елдерінен және Африка елдерінен келген азаматтарды күнделікті қанша адам келді, олардың температурасын қараймыз. Бәрін біз тексеріп, басқармаларға жібереміз».
Айта кетейік, былтыр шетелден елімізге келген жолаушылардың 78-інен жоғары температура байқалған. Алайда олардың ешқайсысынан аса қауіпті жұқпалы ауру табылмапты. Дегенмен мамандар барлық жағдайларда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген.
Лаура Бабас






