Шымкентте аса қауіпті жұқпалы, тырысқақ ауруының алдын-алу жұмыстары пысықталды. Осыған орай, «Шымкент теміржол вокзалында» арнайы оқу-жаттығу сабағы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жолсеріктер мен жолаушылар арасында қауіпті инфекцияға күдік туған немесе нақты анықталған жағдайда әрекет ету жұмыстары көрсетілді. Мақсат, қызметтердің өзара үйлесімді әрекетін күшейту, төтенше жағдай кезінде жедел әрі нақты шешім қабылдау қабілетін арттыру.
Шымкент-Түркістан-Шымкент пойызындағы жолаушының бірінен тырысқақ ауруы анықталды. Осылай деген мамандар, оқу-жаттығу сабағын пысықтады. Оқиға орнына арнайы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, медицина мамандары, теміржол қызметкерлері жұмылдырылып, алдын-алу шараларын жүргізді.
Мамандар індеттің таралуына жол бермеу үшін жедел оқшаулау, хабарлау, дезинфекция жұмыстарын жүргізу тәртібін тәжірибе жүзінде көрсетті. Олар, бірден ауруды толық тексеруден өткізіп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жөнелтті. Мұнан соң, пойыздың ішін дезинфекциялады. Айта кету керек, бұл аурудың белгілері анықталса, бірден сақтық шараларына көшу керек.
ЕРЛАН РЫСҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ БӨЛІМШЕЛІК КӨЛІКТЕГІ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ: «Тырысқақ ауры бар адамның белгілері, 5-10 ға дейін жиірек іш өту, дененің қалтырауы байқалады. Осыны сезетін болса, адам ауру адамнан алыстау кету керек. Өзінің сондай адаммен қатынаста болғанын дәрігерлерге айту керек. Бұл ауру аса қауіпті ауруларға жатады».
Айта кету керек, соңғы бес жылда Шымкентте мұндай ауру тіркелмеген. Алайда, әлем бойынша жыл басынан бері шамамен 44 мыңға жуық жағдай анықталған. Туризмнің қарқынды дамуы індеттің таралу қаупін де арттырады дейді мамандар. Сондықтан шетелге шығар сәтте, кез-келген тұлға алдын алу мақсатында вакцина алуы қажет деп отыр.
ЕРЛАН РЫСҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ БӨЛІМШЕЛІК КӨЛІКТЕГІ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ: «Өздеріңіз білесіздер, туризм жақсы дамыған. Біздің елдің азаматтары шетелге шығады. Сол жерлерден жұқтыру қаупі бар. Алдын алу үшін, сол жақта қайнтылмаған су ішпеу керек. Жуылмаған жемістерді жемеу керек. Сосын арнайы жеке бас гигиенасын сақтау керек. Сондай елдерге шығатын кезде преаралдық вакцина алған дұрыс. Оңтүстік Африка, Африка елдерінде, Индия, Ауғанстан елдерінде жұқтыру қаупі жоғары».
Ауру адам жөтеліп не түшкірсе, ол арқылы таралмайды. Сондықтан тырысқақ тұмау сияқты ауа-тамшы жолымен берілетін ауруларға жатпайды. Бірақ науқаспен байланыста болғанда қолды жумай тамақ ішу жұқтыру қаупін арттырады дейді дәрігерлер.
Нұргүл Жолымбетова






