Шымкенттегі мамандандырылған ХҚКО-ға түнде кезекке тұруда

55

Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында жүздеген адам кезекте тұр. Келушілер бүгін кіруге мүмкіндік алу үшін түнде кезек алып қою керек дейді. Онда тұрғандардың ішінде түнгі 3-тен бастап келгендермен қатар, бірнеше апта бойы өз кезегін күтіп жүргендер де бар. Ал орталық мамандары күніне шамамен 200-ге жуық адамды қабылдап жатқанын айтады. 

Бұл кадрларды оқиғаға куәгерлер түсірген. Онда ер азаматтармен қатар, балалы әйелдер мен қарттар да жүргізуші куәлігінің санатын алу үшін талон алуға кезекте тұр. Адамдар кезекті түнде алып қоюға тура келеді дейді. Әйтпеген жағдайда, ертеңгі күнге қалып қоюы мүмкін.

 

В және С1 санаттарын алғысы келетіндердің кезегі күндіз азаймай тұр. Кезек күткен жандар күннің ыстығына қарамастан, күніне бірнеше сағат ғимараттың айналасында көлеңке жағалайды. Күтушілердің ішінде С1 санатын алуға үміткерлер көп, ал оны алу қиынға соғып жатыр. Себебі, тәжірибеге қажет көлік біреу ғана. Жалпы бұл санат – қала арасында қатынайтын жүргізушілер мен өнім тасымалдайтын фермерлер үшін қажет.

Аян Айдапкелов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Таңертеңнен бері 100 адамға жуық кірді. Кезегімді күтіп тұрмын. Түнгі 5-те келгенмін. Бүгін кіретін шығармыз деген үміттемін».

Нұрзат Сарыбай, Отырар ауданының тұрғыны: «Үш апта болды келгеніме, төртінші аптаға кетіп бара жатыр. Келген кезде адам көп, бүгінге жазыласың, кезегің келмей қалады, ертеңге қалып жатыр».

Үшінші мегаполистегі мамандандырылған ХҚКО-да Шымкент және Түркістан облысының тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Ал келушілерді тезірек қабылдау үшін бүгін В санатына тағы бір көлік қосылды. Енді мұндай көлік саны үшеу.

Сондай-ақ, С1 санаты үшін екінші жүк газелі де қатарға қосылды. Мұндағы мамандар күн сайын мейлінше көп адам қабылдауға тырысатынын айтады. Бірақ келушілер саны көп болғандықтан, кезек бәрібір азаймай тұр. Ал бір ай бұрын ғимаратта жөндеу жұмысы басталған екен. Сондықтан электронды түрде кезекке тұру уақытша тоқтатылған.

«Бұған дейін бір көлік болған, бүгін екінші көлік қосып жатырмыз. Адамдар өздері келіп, кезек құрып, өздері список жазып жатыр. Бізде ХҚКО-да тек талонмен қызмет көрсетеді. Жеке куәлігімен келеді, ал бұл кезек адам көп болуына байланысты келушілер бір-бірін реттеп, өздері жазылып келіп жатыр», -дейді Шымкент қалалық мамандандырылған ХҚКО басшысы орынбасарының м.у.а. Саян Төрегелдиев. 

Мамандандырылған ХҚКО-да жөндеу жұмысын қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Содан кейін кезекті қайта egov порталы, egov mobile және телеграм бот арқылы брондауға болады. Алайда, мамандар санаттарды алуға үміткерлер тым көп екенін айтады. Жалпы, Шымкент мегаполиске айналғаннан кейін Түркістан облысы өзінің мамандандырылған ХҚКО-ғын салу қажет болған еді.

Дегенмен, бес жылға жуық уақыт облыс тұрғындары Шымкентке сабылуға мәжбүр. Ал облыста неліктен жүргізушілерге арналған ХҚКО әлі күнге дейін салынбағаны жұмбақ күйінде қалды.

Гүлдана Дәурен