Тамыз айында коронавирус аурушаңдығы жоғарылайды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, тәулігіне 4 000 адамға дейін ковид жұқтыруы мүмкін. Сондықтан қазір бес мыңға жуық кви төсек орын дайын. Ал көрсеткіш қашан төмендейді?
Шілде айында вирус жұқтырғандардың 70 пайызынан омикрон ВА.5 штамы анықталды. Осылай деген еліміздің бас дәрігері Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл дельта штамына қарағанда әлдеқайда жеңіл өтеді. Әрі бұл науқастардың басым бөлігі амбулаториялық жағдайда емделеді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бүкіл әлемдегі сияқты, Омикрон ВА.5 штамының нұсқасы тудырған COVID-19-дың кезекті толқыны ағымдағы жылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70%-да анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және Дельта нұсқасымен салыстырғанда әлдеқайда ауру жеңіл өтеді».
Ажар Ғиният өткен жылмен салыстырғанда КВИ-ға күдікті жедел медициналық көмекке шақырулар саны 3,7 есеге азайғанын айтты. Бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл өтіп жатқанын айқындайды дейді ол. Десе де, қазір күн сайын 3000-нан аса адам тәжвирус жұқтырып жатыр. Сондықтан бес мыңға жуық ковидтік төсек орын дайын екен.
«Денсаулық сақтау саласына түскен жүктемеге келетін болсақ, бүгінгі күні инфекциялық төсек-орынмен қамту 30%-ды (1500 науқас) реанимациялық төсек-орынмен қамту 7%-ды (45 науқас) құрайды. Төсек-орын қорының қозғалысын бақылау онлайн режимде жүргізіледі, орынмен қамтылуды қадағалау үшін интерактивті карта онлайн режимде өңірлер бойынша медициналық ұйымдар деңгейіне дейін ахуалды бағалауға және жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді»,-дейді бас дәрігер.
Азаматтар маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Өйткені, тамыз айында аурушаңдық күніне 4000 адамға дейін жетуі ықтимал. Ал қыркүйек айында көрсеткіш төмендейді деп болжап отырмыз дейді денсаулық сақтау министрі.
Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі: «Қазіргі вирустың ерекшелігін, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемесін, сырқаттанушылықты, аурудың таралуын ескере отырып, министрлік сарапшылармен бірге эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жасады. Соған сәйкес, тамыз айында коронавирус инфекциясының орташа тәуліктік саны 4 мың жағдайға дейін өседі. Кейін қыркүйек айында төмендейді деп болжап отырмыз».
Вакцинациялау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Осылай деген үкімет басшысы Әлихан Смайылов еліміздің бас дәрігеріне алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Мөлдір Ибадуллаева