«Омикрон» штамы: 3 желтоқсаннан бастап шектеу күшейтіледі

75

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Қазақстандағы жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Алайда «омикрон» штамының пайда болуына байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілетінін хабарлады.

Қазақстанда 3 желтоқсаннан бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің сөзінше, «омикрон» штамының пайда болуын ескере отырып жаңа штам анықталған елдерден келетін азаматтар вакцинациясы болса да ПТР тестілеу тапсыруы міндетті болады.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі: «Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу. «Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден, бүгінгі күні бұл елдер – Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет. Осы елдерден келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын енгізу».

Сондай-ақ вирустың республика аумағына кіруіне жол бермеу үшін аталаған ел азаматтарының ПТР нәтижесі теріс нәтиже көрсетсе де, 7 күнге үй карантиніне оқшаулануға тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменті шетел азаматтары туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы беріп отыруы қажет. Ал әкімдіктер қашықтықтан бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Барлық әкімдерден санитарлық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді сұраймыз. Біріншіден, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық пен маска тағу режимін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Бұл ретте мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажет. Екіншіден, коронавирусқа қарсы вакцина алу мен ревакциналауға шақыру бойынша ақпараттық жұмысты күшейткен маңызды. Азаматтардың вакцина алуы үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Үшіншіден, әкімдіктер өңірдегі инфекцияның таралу деңгейіне күнделікті талдау жүргізіп отыруы қажет»

Айта кетейік, республикада жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 971 541-ге жеткен. Жалпы ел бойынша вирустың репродуктивтік саны 0,91 құрайды. Бұл көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмен.

                                                                                     Мөлдір Ибадуллаева