Ауыл тұрғынын басына қап кигізіп азаптаған полицейлер 2 айға қамалды

Осы жылдың ақпан айында тергеу кезінде полицейлер Нұрболат Өмірбековті аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушінің сөзінше, оның мойнына 100 000 теңге тұратын екі бас қой ұрлығын ілмекші болған.

Тәртіп сақшылары оны жасамаған қылмысын мойындауға мәжбүрлеп, басына полиэтилен пакет кигізіп, аяусыз соққыға жыққан көрінеді. Енді кінәсіз адамды азаптаған полицейлер жазаланады. Нақтырақ айтқанда, 4 қызметкер сот санкциясымен 2 айға уақытша қамауға алынды.

Әкімбек Жанасов, Түркістан қаласы мамандандырылған тергеу сотының судьясы: «Бұл азаматтардың қылмысы өз дәлелін тапқан жағдайда лауазымынан шеттету және 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бейнежазбаға тергеп-тексеру органы сараптама тағайындаған. Сараптама қорытындысы негізінде қазіргі таңда бізге келген 4 күдіктінің дауыстары сол жерде нақты көрсетілген «осылардың қатысы бар» деп. 2 айдың ішінде олардың қылмысы дәлелденбеген жағдайда қылмыстық-процестік кодекстің 151-бабында көзделген, егер тергеп-тексеру мерзімін 2 айдың ішінде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда прокурордың уәжді өтініш хатының негізінде ол ары қарай 3 ай, 4 айға сонымен 9-12 айға дейін ұзартылуы мүмкін».

Камерадағы жанайқайға сараптама жүргізген кезде, жәбірленушінің дауысы екені анықталыпты. Сонымен қатар, күдіктілерді балағаттап, қоқан-лоққы көрсеткен полицейлердің де өз дауысы екені расталып отыр.

Түркістан қалалық мамандандырылған тергеу сотының мәліметінше, тәртіп сақшылар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қылмысқа күдікті адамды мойындату мақсатымен қасақана тән және психикалық зардап келтіріп, азаптады деген күдікке ілініп отыр.

Айта кетейік, арыз иесінің сөзінше уақытша қамауға алынған Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен олардың туыстары жәбірленушіге ақша ұсынып, арыздан бас тартуға үгіттеген көрінеді.