Úı ANONS Сот бұрынғы заң консультантынан жарналар бойынша берешекті өндірді

Сот бұрынғы заң консультантынан жарналар бойынша берешекті өндірді

фото inbusiness.kz
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап қоюшы Шымкент қаласының заң консультанттары палатасының жауапкер К.-ға мүшелік жарна бойынша берешекті өндіру туралы талап қоюын берген. Сотта анықталғандай, Палатаның 2019 жылғы шешіміне сай, жауапкер К. осы Палатаның мүшелігіне тіркелген.
Жауапкердің арызына сәйкес, Палатаның 2024 жылғы хаттамасымен жауапкер заң консультанттары палатасының мүшелігінен шығарылған. Жауапкер 2022 жылдың қарашасынан 2024 жылдың сәуіріне дейін жарна төлемеген. Нәтижесінде жауапкердің жарналар бойынша берешек қарызы 123 806 теңгені құрайды.
Жауапкер талап қоюмен келіспей, өзінің 2022 жылғы 1 тамыздан бастап мүшеліктен шығу туралы арыз бергенін және қазіргі уақытта басқа жерде заңгер болып жұмыс істейтінін мәлемдеген. Алайда, сот, жауапкердің бұл уәжін негізсіз деп тапты, себебі жауапкер сотқа ұсынған 2022 жылғы 1 тамыздағы арыздың тұпнұсқасында Палатаның қабылдау мөрі немесе кіріс тіркеу нөмірі жоқ. Бұл жауапкердің мүшеліктен шығу процедурасын заңды түрде аяқтамағанын көрсетеді.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер К.-дан талап қоюшы Палатаның пайдасына 123 806 теңге жарналар бойынша берешегі және мемлекеттік баж алымы 4 295 теңге өндірілген. Шешім заңды күшіне енді.