Қоғамды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың ісінде жаңа бұрылыс. Психикалық жағдайына байланысты жауаптан жалтарады делінген күдікті енді сот алдында жауап бермек. Сараптама қандай қорытынды шығарды? Жәбірленуші тарап не талап етіп отыр?
Қоғамды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың ісі бойынша жаңа деректер айтылды. Бұдан бұрын психикалық денсаулығына байланысты жауаптан құтылып кетуі мүмкін деген күдікті сот алдында жауап беретін болды. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов сараптама қорытындысы шығарғанын мәлімдеді.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Тергеу амалдары аяқталуға жақын. Тергеушінің бастамасымен сот-психиатриалық сараптама тағайындадық. Қазір сараптама қорытындысы шықты. Күдікті сот алдықда ақыл-есі дұрыс адам ретінде жауап береді».
28 жастағы күдіктіге қатысты Қымлыстық кодекстің «Некеге тұруға мәжбүрлеу», «Сталкинг» және «Аса қатігездікпен адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оның Талғардағы психикалық денсаулық орталығына жатқызылғаны жөнінде бұдан бұрын дабыл қаққан еді.
Жәбірленуші тарап әу бастан ашық сотты талап еткен. Сот процесін онлайн көрсетуді сұрап келеді. Айта кетейік, оқиға 11 қаңтар күні Нұрай Серікбай өз үйінің маңында қоғамдық орында бірнеше жерінен пышақталып кісі қолынан қаза болды. Күдікті – Нұрайдың танысы. Ол екі күннен кейін ұсталып, қамауға алынған болатын.
Дилара Иса






