Тұрмыстық зорлық зомбылық және есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық теріс қылықтар 1 тәулікте сотқа жолданады. Қала прокуратурасы, сот және Сот сараптамалары институты арасында өзара тиімді іс-қимыл жолға қойылған. Яғни тиісті сала мамандары арасында былтыр арнайы меморандум түзілген.
Бір жыл бойы іс-тәжірибеде болып, қылмыстық қудалау процесінің жеделдігін арттыру бойынша жұмыстар күшейтілген. Жаңа тәртіп аясында қылмыстық теріс қылықтар бір тәулік ішінде сотқа жолданып, істі қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік жасалды дейді қала прокурорының көмекшісі. Мәселен, қала тұрғындарының бірі отбасылық жанжал кезінде жұбайына күш қолданған. Оқиғадан кейін сот-медициналық сараптама қорытындысы жедел дайындалып, құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал іс материалдары сол күні сот қарауына жолданған.
ДІНИСЛАМ ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ: «Дәл осы механизм есірткі қылмыстарына қатысты қазір қолданылуда. Яғни, өзі есірткі тұтыну, өзімен алып жүру, 296 бабына бойынша құқықбұзушылық жасаған адам, теріс қылық санатына жатады. Олар бойынша да теріс қылық тіркелгенен бастап, есірткі затына сараптама тағайындалып, сараптама қорытындысы алынып, есірткі заты болып тіркелген жағдайда, ол да осы тұрмыстық зорлық зомбылық ісі сияқты 24 сағат ішінде сотқа жолданып жатыр. Өздеріңіз білесіздер сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу, дропперлік осы істерге де меморандум аясында қолданып жатырмыз».
Мамандардың мәліметінше, енгізілген тәртіп нәтижесінде аталған санаттағы 30 қылмыстық іс 24 сағат ішінде сотқа жіберілген. Айта кетейік, биылғы алғашқы үш айда есірткіге қатысты қылмыстар саны азайған. Өткен жылдың осы кезеңінде 169 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 139-ға төмендеген.
Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалмайды. Өткен жылдың бірінші тоқсанында 93 дерек тіркелсе, биыл алғашқы үш айда 92 жағдай анықталған.
Нұргүл Жолымбетова






