Азат шағынауданына газ келді

31

Азат шағынауданында газ мәселесі өз шешімін тапты. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмысы толығымен аяқталды. Енді 519 абонент кезең-кезеңімен табиғи газбен қамтылады. Бұл сәтті көптен күткен азаттықтар дастархан жайып, көгілдір отынға қол жеткізген күнді ерекше салтанатпен атап өтті. 

Азат шағынауданының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Тұрғындар бұл күнді ұзақ уақыт күткенін айтады. Шағынаудан халқы осыдан екі жыл бұрын жекенің суы мен жарығын пайдалынып келген. Ал көгілдір отын туралы тіпті армандамадық дейді олар. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс барысын бақылау кезінде жауаптыларға жұмысты уақытында аяқтауды тапсырған еді. Бүгінде құрылыс аяқталған, тек абоненттеу жұмысы жүргізілсе болғаны.

Ертай Тәжібаев, пайдалану қызметінің шебері: «Ішінде редуктор және 2 сечетчик болады. Кіріс бөлігінде ортақ сым болады, редуктордың көмегімен төменг қысым үйлерге беріледі. 5 жылда бір рет тексеру жүргізу керек. Бір редуктор 2 үйге арналған. Егер ақау болған жағдайда, 104-ке хабарласады. Мамандары келіп, істейді».

Жеңіс Бауыржанұлы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілі: «Құрылыс барысында біраз қиындықтар туындады. Дегенмен, жергілікті әкімдік және ЖКХ бөлімімен мәселені уақтылы бітіруге тырыстық. Қазір енді үйлерді қосайын деп жатырмыз .Ал қалған үйлер құжат тапсырып, өткізгеніне байланысты қосу жұмыстары жалғаса береді. Әкімшілік тарапынан жүргізілген газ құбыры әр үйдің есік алдына келіп отыр. Ары қарай әр үйдің иесі өз есебінен келісім-шартқа тұрып мердігер мекемемен, өзі жүргізіп алады».

Севара Чуманованың жанұясымен Азат шағынауданына көшіп келгеніне жылға жуықтаған. 4 баланың анасы салқын күндері жылудың жоқтығынан балаларының бірнеше рет ауырып қалғанын айтады. Келіншек енді қыстыгүні жылы үйде уайымсыз күн кешетін болдық деп қуанып отыр.

Севара Чуманова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл жерге келгенімізде газ жоқ еді, көмір жағатын едік. Міне бүгін табиғи газға қосып берді. Бұған дейін газды ғана қолдандық көмірменен, ал отопление қолдана алмай, үй салқын болып, балаларымыз қайта-қайта ауырып қалды. Енді биыл Құдай қаласа үйіміз жылы болып, бала-шаға ары-беріп ойнап жүреді деген ойдамыз».

Мегаполис басшысы мейрамға қонақ ретінде шақырылды. Дегенмен, құттықтаудың соңы тұрғындармен сұрақ — жауапқа ұласты. Шағынауданда енді бұрынғы мәселелер жоқ, тек қала әкімі айтқандай тез арада шешілуі тиіс ұсақ мәселелер қалды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Кезең кезеңімен бүгінгі күнде қаладағы ең өзекті мәселелерді қолға алдық. Көп елдімекенде су, жарық, жол, газ болмаған еді, мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін тағы 7 елдімекенге газ беруді қарап жатырмыз. Ендігі 2023 жылы біз уже 30 пайызға жетіп қаламыз».

Газ құбыры тартылған аумақ тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына жүгіне алады. Мамандар көгілдір отынды үйлерге кіргізуге жәрдем беретін бірнеше компанияны ұсынады.