Жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен азамат ұсталды

26

Түркістан қаласында жол апатын жасап, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші анықталды. Бейнебақылау камераларының көмегімен жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі ұсталды.

Нақтырақ айтқанда, Тәуке хан даңғылы бойында жолды велосипедпен кесіп өтіп бара жатқан тұрғынды белгісіз көлік соғып, артынша оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі таңда «Ауди» автокөлігі айыптұраққа қойылды. Ал жүргізушіге қатысты жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі.

Сәбит Бахтығалиев, Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығының бастығы: «2022 жыл 6 қыркүйекте сағат 09:02-де 102 сымтетігі арқылы белгісіз азаматшадан Түркістан қаласы Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан бағдаршамнан белгісіз азаматты белгісіз автокөлік соғып, оқиға орнынан автокөлік кетіп қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Осы хабарламаға сәйкес жедел басқару орталығының қызметкерлерімен сол аумақта орнатылған бейнебақылау камераларына зерделеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде Ауди автокөлігінің мемлекеттік нөмірі және жүрген жері анықталып, патрульдік полиция батальон қызметіне бағыт-бағдар берілді. Санаулы уақыттан кейін Ауди автокөлігі тоқтатылып, автокөлік жүргізушісі Түркістан қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда барлық жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдауға жоспарланған».