Рухани келісім күні қарсаңында мешітте ерекше шара өтті

31

Рухани келісім күні қарасаңында қаладағы православ шіркеуінің және де өзге де діни конфессиялардың өкілдері үшін Шымкенттегі Ақ мешітте экскурсия ұйымдастырылды. Мұсылмандардың құлшылық ордасында алғаш рет болған қонақтар жылы лебіз білідірді. Алдағы мереке күнімен құттықтап, жерлестерімізді бірлікке шақырды.

Мемлекет басшысының игі баста­ма­­сы­мен елі­мізде қалып­тас­­қан дінаралық татулық, ұлт­аралық келісім – ширек ға­сырға татитын тәуелсіз елі­міздің жеткен басты жетістік­терінің бірі. Бүгін шаһардағы православ, өзге де діни конфессиялардың өкілдері Ақ мешітте қонақта. 2008 жылы құрылысы басталып пайдалануға 2013 жылы берілген мешітте бүгінде бір мезгілде 5-7 мың адамға дейін құлшылық етуге мүкіндік бар.

Александр Могилевский, дін қызметшісі: «Рухани келісім күні қарсаңында Орталық мешіттің шақыртуын алдық. Үлкен рахмет. Мешітке келуім бірінші рет. Сондықтан барлығы мені қызықтырды, бөлмелердің орналасуы, жамағаттың құлшылық жасайтын орны. Мүмкіндікті пайдалана отырып, барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, халқымыз тыныш, еліміздің іргетасы мықты болсын».

Мира Дин, пресвитериан шіркеуінің жетекшісі: «Мен де бірінші рет мешітке келіп отырмын. Шақыртуды қуана қабыл алдым. Ықыластарыңызға  рахмет, барлығы ұнады. Мен өзге мемлекеттерде болдым, онда міндетті түрде мешіттерде боламыз. Шымкенттегі мешіт те үлкен, жақсы салынған».

Күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ то­пырағына бей­бітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бас­тама. Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасын­дағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз дейді мешіттің наиб имамы.

Мұсабек Ақтамберді, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары: «Рухани келісім бар жерде тұрақтылық та, бейбітшілік те болады. Сондықтан барлығыңызды келе жатқан мерекемен құттықтап, баршаңызға денсаулық, имандылық тілеймін».

Шара қатысушылары орталық мешіттегі қажылық және ішкі туризм оқу орталығының жұмысымен де танысты. Қазақстанда жыл сайын қажылыққа баратын 5 мың азаматтың жартысы осы оңтүстік өңірінен екенін имамдар мақтанышпен атап өтті. Бұл дегеніміз халықтың имандылығын, бейбіт өмірге деген ынтасын білдіреді,- дейді мешіттегілер.

Шынар Оразова