Нұрсат-3 шағынауданында тұрғындар жылусыз отыр

161

Шымкенттегі Нұрсат-3 шағынауданындағы бірнеше көп қабатты үйде әлі күнге дейін жылу жоқ. Бұл туралы, алдағы қыстың суығында тағы да жылусыз отырамыз ба деп алаңдаған тұрғындар айтып отыр. Сөздерінше аудандағы көп қабатты үйдің жоғары қабатына жылу жетпейді екен. Ал онда пәтерді әдеуметтік негізде сатып алған көпбалалы аналар тұрады. Мұндағы халық 5 жылдан бері суық бөлме мен қабырғасынан өткен жаңбыр суына төзуге мәжбүр. Себебі басқа барар жері жоқ. 

Сәуле Әбдиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл үйді 12 жыл армандап күткенмін. Сонша күткен үйімнің қабырғасы ойылып жатыр»


Иә, Сәуле Әбдиеваның 12 жыл бойы сарғая күтіп қол жеткізген үйінің сыйқы осы. Күз басталса болды, үйінің қабырғасынан жаңбыр суы өтіп, әуре сарсаңға салады. Одан қалса 7 қабатқа жылу да дұрыс жетпейтін көрінеді. Сондықтан үйінің қабырғасы кеуіп үлгермейді. Үй иесі демікпемен ауыратын баласына бұл жағдайдың кері әсері тие ме деп алаңдайды. Көктем шыға баспанасын жөндеп, қыста шығынға бататын жалғызбасты ана енді не істерін де білмей отыр.

Сәуле Әбдиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «12 жыл күткен үйіме не жылу берілмейді, не жылы су жоғарыға көтерілмейді. Жуына алмаймыз, тіпті ыстық суды жылытып шомыламыз. Ал әйнектерді жаңбыр жауған сайын сүртіп әлекпіз. Үйімізден ұзап, алысқа да кете алмаймыз. Егер қатты су кетіп қала ма деп қорқамыз. Кілт менде ғана. Қарамай қалсақ көршімізге де су ағып кетеді».

Бұл жалғыз Сәуле Әбдиеваның ғана басындағы жағдай емес. Нұрсат 3 шағынауданындағы әлеуметтік пәтер иесінің бәрінің де көрген күні осы. Күз басталып, күн суытты, бірақ мұндағы көп қабатты үйлердің жоғары жағына жылу жетпеген. Әлі күнге тұрғындар балалары үшін тоқпен жылытқыш құралдарды қосып, амалдап отыр. Айтуынша олар жоқ жылуға ақы төлеп шығынға батып отыр.

Айнұр Әріпбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Келгеннен бастап су ағу. Келген жылы жақсы сияқты еді. Қазір 9 этаждан бастап жылу төмен қарай түсіп жатыр. 6 этаждан бастап ары қарай жылу бармайды. Тіпті суы да жоқ жылы. Жоғарғы этаждарда жас отбасылар тұрады олардың келгенде 1 ғана баласы бар еді. Қазір ДЦП-мен ауыратын, егіз балалары бар. Олар ақшаны ауаға төлеп отыр»

Бұл жиналған жұртшылықтың көпшілігі әлеуметтік осал топқа енген тұрғындар. Олардың бірі көпбалалы болса, енді бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бәрінің де жыл сайынғы жыры коммуналдық қызметке байланысты туындайды екен. Не жылы су дұрыс келмейді, не бөлмелері жылы емес. Енді бұлай қабырғадан тоқтаусыз су кіре берсе, қанша жыл күткен үйіміз құлап қала ма деп уайымдайды.

Гүлжазира Андасбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кеше бірінші жаңбырда барып арыздандық. Бізді тыңдайтын құлақ жоқ. 9 этажда жалғызбасты ана тұрады. 3 баласы бар. Жаңбыр жауған күні жарықшамының үстінен су ақты. Тоқ ұрып кете ме деп 3 күн қорқып, жарық жақпай отырды. Адам өлімі болуы керек пе жөндеу үшін? Ал одан бері қанша рет жаңбыр жауды. Біздің жылда көрген күніміз осы. Шатырды жөндейді бірақ ешқандай нәтиже жоқ»

Нұрсат-3 шағынауданындағы үйлер 2017 жылы салынып біткен. Ал ғимараттан ақау шыққан жағдайда оны мердігер 5 жыл көлемінде жөндеп беруі қажет еді. Алайда құрылыс жүргізген кәсіпкер банкрот жариялап жабылып қалған. Тұрғындардың бар назы кепілдік биыл аяқталады. Ал бізге ешқандай да дұрыс жөндеу жасалмаған дейді. Ал жауапты мамандар олқылықтардың орнын жақын арада толтырамыз деумен шектелді.

Нұржан Оразбаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бөлім басшысы: «Бүгінгі таңда орын алған қабырғадағы жарықтар үйдің қабырғасы сп панель болғандықтан, сол екі панельдің қосылған жерінен сызық беріп жатыр. Негізі мердігер мекеме жөндеген. Күн ашылса, барып қарап, мердігер мекеме 1-2 аптада қайта жөндейтін болады»

Құрылыс басқармасының қызметкері барлық мәселені шешетінін айтты. Дегенмен тұрғындар мұндай уәдені бұған дейін де талай естігенін, бірақ осы күнге дейін ешқандай оң өзгеріс болмағанын айтады. Сондықтан, бұл проблемаға қала әкімі назар аударса дейді.