Úı ANONS «Үй суық»: Жылу неге берілмей жатыр?

«Үй суық»: Жылу неге берілмей жатыр?

фото kz.otyrar.kz

Шымкенттегі Теріскей ықшам ауданында ондаған көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріне жылу толық келмей тұр. Тұрғындар бұл жағдайға жылумен қамтамасыз ететін мекемені айыптап отыр. Ал мекеме үй ішіндегі құбырлардың ескіргенін айтады.

«4 баламен жалғызбасты анамын. Осы курткамен жүреміз үйде. Жылу келгенше».

Теріскей ықшам ауданының тұрғыны Гүлдана Тұрымбетова балаларымен көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы 1 бөлмелі пәтерде өмір сүреді. Қарашаның қара суығы түскелі бүрсеңдеп қалдық дейді ол. Қалаға жылу берілді дегенде қуанғанымен, онысы пәтеріне келмеген. Үйіндегі кез-келген батарейкада жылу жоқ.

«Жылымайды үй. Осылай курткамен қысымен шығамыз бәріміз. Ауырып жатырмыз. Барлығымыз. Бірінен соң бірі ауырып, қазір жазылдық. Күн жылығанда тек далада жүреміз шыны керек. Үйге кірмейміз. Жылу қосқанымен, пеш бар. Соны қосамыз. Сонымен бір бөлмеде жылынғанша отырамыз. Сосын қайта шығып кетеміз далаға».

«Бізге жауап берді, трасса атылып кетті деп. Домдардың бәрінің асты атылып жатыр. Ал күн деген суық, минус 2-3 болды. Халықтың бәрі жаурап жатыр».

Теріскейліктер үйдің суығына шыдай алмай, бүгін далаға шықты. Олар жылуды реттеп беруді сұрайды.

Күләш Еделбекова, тұрғын: «Иә, су келді. Давление 1 болып тұр. Бірмен қалайша 5 қабатқа жылу барады. Зал, кухня тас. Суы да жоқ. Қалай жылу болады. Мүмкін емес. 0 4 бөлме. 2 кондер қосып зал мен баламның жатын бөлмесін жылытамыз. Менің бөлмеме түнде қоямын жылу пешін. Немерем еңбектейді, күндіз қоя алмаймын. Газ жағып қоямын. Мен қазір жылуға төлеймін. Жарыққа, газге төлеймін. Не үшін?».  0

Майра Меңдібекова, тұрғын: «Үйіміз салқын. Суық, жаурап отырмыз баламен. Ауырып болдық  тұмауратып. Астында давлениясы нашар… Көтеріңіздер давлениесін. Астары шіріп кеткен. КСК-ге қарамаймыз. Осылай ауырып отыра береміз бе?».

«Қуатжылуорталық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылудың қалыпты жағдайға әлі де түспегенін растайды. Мұны айналымның толық дұрысталмағанымен байланыстырады. Теріскей ықшам ауданында 62 көпқабатты тұрғын үй болса, оның отызға жуығындағы пәтерлерге жылу жетпей тұр. Мекеме 2-3 күнде жылу келеді деп сендіреді.

Марат Ахметов, «ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ» МКК өкілі: «Бізде қалыпты ұстап тұрған жоқ қазір. Бәрі ысымай жатқан соң, су шығарған соң бізде қысым төмендейді. Бұл жылудың айналымы жылудың қысымына байланысты. Қысым түсіп кетсе бір домдар биікте, төменде тұрған домдар дұрыс жүрмей жатыр».

Ресми орындар жылудың бірден қосылмай, тұралап қалып жатқанын үй ішіндегі құбырлардың ескілігімен де байланыстырады.

Берік Жаңаев, Әл Фараби ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:  «Жылу жоқ деп айтуға келмейді ғой. Барлығы элеваторға дейін келіп тұр. Температура төмен… Қазір Теріскейде ғана осындай проблема. Бұл жақ Теріскейдің соңғы жақтары. Бас жағында қалыпты жағдай. Шаяхметов, Рысқұлов жақтарда қалыпты жағдай. Мына жақ линияның соңғы жағды проблема».

Тұрғындар «Отырар» телеарнасының түсірілім тобына шағымданып жатқанда көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне мамандар келіп, пәтерлерге неге жылу жетпей жатқанын тексере бастады. Айта кетейік, қалада жылу 1 қараша күні берілді. Қала әкімдігі 6 қарашаға дейін жылу толық берілетінін мәлімдеген еді.

Дилара Иса