Úı ANONS Шымкент 6 қарашаға дейін толық жылумен қамтылады

Шымкент 6 қарашаға дейін толық жылумен қамтылады

фото Отырар.кз
Шымкент қаласы бойынша жылу беру жұмыстары 6 қарашада аяқталады. Әзірге шаһардағы  2 154 көп қабатты тұрғын үйдің 2 093-іне жылу толық берілді. Бүгінгі жағдай бойынша тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды жылу жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде деді қала әкімінің орынбасары. Бұдан бөлек, әлеуметтік, бюджеттік нысандар да алдағы уақытта толықтай жылуға қол жеткізбек.
Шымкент қаласында жылу маусымын толық іске қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 6 қарашасына дейін барлық көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету толық аяқталады деп жоспарланған. Алайда, кейбір тұрғындар тарапынан жылу жүйесіне қатысты шағым түсіп жатыр дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, қуатжылу орталығы үйдің іргесіне дейін жылуды жеткізіп береді. Ал одан ары қарайғы жұмыстар тұрғындардың жауапкершілігінде дейді.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары: «Үйдің іргесінен ары қарай өткен жылудың дұрыс айналымға түсуі, циркулиация болуы,  насостардың дұрыс жұмыс істеуі, батареялардың қалыпты болуы стандартқа сай болуы, бұл сол үй иелерінің, коперативінің міндеті болуы керектігін ескерткіміз келеді».
 Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, Білім басқармасына қарасты №41,71 балабақшаларында жылу трассасы жарылған. Десе де, қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Сонымен қатар, кейбір білім ұяларында жылу құбырларынан ақау табылған. Яғни, бірқатар мектептерде мұздай су айналымда болып, жылы су келмеген.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары: «Мәселен, №53 мектептің жылу қазандығы жылуға қосылмаған болатын. Техникалық ақауларға байланысты. Ол да толығымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 4 қараша күні №7 Қ.Спатаев атындағы жылу жүйесі жарылды. Осыған байланысты, электр жүйесін авариялық жағдайға көшіруге мәжбүр болдық. Кейіннен бұл мәселе шешілді.  Толығымен жұмыс істеп тұр».
 Бұдан бөлек, қаладағы 100 денсаулық сақтау нысанының барлығы жылумен толық қамтамасыз етілген. Оның ішінде 69 нысан автономды, ал 31 ғимарат орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта нысандардағы ішкі температура санитарлық талаптарға сай дейді жауаптылар.
Нұргүл Жолымбетова