Úı ANONS Шымкентте жылу неге берілмей жатыр?

Шымкентте жылу неге берілмей жатыр?

фото Отырар.кз

Қараша айына жақындағанымен Шымкентте әлі жылу берілмеді. Әлеуметтік желіде жылуды қосуды сұрап, арызданып жатқандар бар. Жылу неге қосылмай тұр? Себебі неде? Келесі материалдан тамашалайық.

Жылда Шымкентте жылу 25 қазан күні берілетін. Қазір қазан айы аяқталуға санаулы күндер қалды. Қалада орталық жылу әлі қосылмады. Бұл туралы тұрғындар не дейді?

Жылудың жоқтығына наразы тұрғындар әлеуметтік желілерде де пікір жазып жатыр. Олардың жазуынша, үй суық, одан әсіресе балалар ауырып жатыр. Дегенмен бұл мәселеге қатысты қала әкімдігінің уәжі бөлек.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жылу берудің өз тәртібі бар. Түнгі температура мен күндізгі ең жоғарғы температура есептелінеді. Егер сол аралықтағы температура (минус) 15-тен төмен болатын болса және бұл 3 күн қатарынан тұруы керек. Сонда ғана қалада жылу беріледі. Мәселен, өткенде бір күн ғана салқын болды, өздеріңіз білесіздер. Плюс сегізді құрады-ау деймін. Одан қалған уақыттың бәрінде 10-12 градус түнгі жылу. Күндізгі жылуды өздеріңіз көріп тұрсыздар кеше 22-25 градус болды. Бүгін де міне жайма-шуақ».

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің пікірінше, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында суық болуы ықтимал. Ал жоғарғы қабаттағы пәтерлер салқындай қойған жоқ. Егер жылу қазір берілсе сол жоғарғы қабатта тұратын тұрғындардың құқығын шектеп, наразылығын тудыруы мүмкін.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Сондықтан біз ауа-райының көрсетілген стандарттарға сай келуін күтіп отырмыз. Алда-жалда 3 күн қатарынан ортаңғы температура 15 градустан төмендейтін болса біз бірден қосамыз. Жалпы 1-қарашадан бастап қосамыз ба деп отырмыз. Біз әйтпесе қазан айының 15-не осы жылуды беруге толықтай дайын болғанбыз. Күтіп отырмыз, қарап отырмыз, ауа-райын бақылап отырмыз».

Әкімдік мәліметінше, жылу қосуға қолайлы ауа-райынан бөлек мәселе жоқ. Орталық қазандық жылу қосуға сақадай сай тұр. Бірінші кезекте қаладағы әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Жеке қазандықтары бар, орталық жылуға қосылмаған әлеуметтік мекемелердің өзі жылуға әлі қосылмай тұр.

Дилара Иса