Шымкентте «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» форумы өтті

156

Шымкенте республикалық жас педагогтер форумының аймақтық кезеңі өтті. Шараға 100-ге тарта жергілікті жас маман қатысты. Жиын барысында жұмыс жолын енді бастаған мұғалімдерге білікті мамандар заманауи технологияны сабақта қолдану әдісін үйретті. Тағылымды тренинг «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды.


Қазақ тілі мен әдебиетін пәнінің мұғалімі Бекзат Нұртайдың педагаг болғанына 1 жылдан енді асты. Қазір №132 мектепте жұмыс істейді. Осы аралықта білім ұясындағы білікті мұғалімдерден тәжірибе жинап жүрген. Енді Шымкенттегі жас педагогтердің форумына қатысып, республикалық дәрежедегі мамандардан шеберлік сабағын алды.

Бекзат Нұртай, №132 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі: «Үлкен мотивация ала алдық. Бұл бүгін бар, ертең жоқ мотивация емес, мұнда келешекте де өз қажетімізге қолдана аламыз деп сеніммен айта аламын».

«Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» республикалық аймақтық форумында мамандар білім берудің жаңа тенденцияларын таныстырды. Шараға қаламыздағы 100-ден аса жас маман қатысты. Оларға білім беру саласында заманауи технология мен әдістерді қолдану жолдары көрсетілді.

Әзімхан Исабек, «Мұхтартану» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері: «Мәдениеттің шыңына шығу үшін білім мен ғылымның маңызы ерекше. Сондықтан жастармен, кәсіпкерлермен бас қосу өткізіп тұру өте маңызды. Абай атамыздың жақсы сөзі бар. «Жолдастық, сұқбаттастық бір үлкен іс» деген. Бүгінгі кездесу біз үшін үлкен іс болды»


Шара барысында жастардың бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, білген-түйгенін еркін өзара ортаға салу үшін ойындар, тренигтер ұйымдастырылды. Айта кетейік, шараға қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қонақ ретінде шақырылды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бізде бір парадокс бар. Білгеніңді төңірегіңмен бөлісіп жүрсең білім көбейе түседі. Жаңа ғана жастармен мұғалімдердің алдында тұрып, өз білгеніммен бөлістім. Осы таңдаған мамандықтарыңыздан өмірдің мәнін қалай табуға болады деген тақырыпта дәріс оқыдым».

9 сағатқа созылған аймақтық форумда сандық технологияларды пайдалану, тапсырманы электронды техника арқылы бағалау, инклюзивті білім беру тақырыптарында дәріс оқылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деген болатын. Бүгінде осы бағытта шымшаһарда біршама жұмыстар атқарылуда.