Úı ANONS Шымкентте Халықаралық этнодизайнерлер форумы өтті

Шымкентте Халықаралық этнодизайнерлер форумы өтті

Шымкентте алғаш рет «MIRAS» халықаралық түркі этнодизайнерлер форумы өтті. Шараны қала әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Түркиядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкенттен танымал дизайнерлер мен қолөнершілер жиналды.

Форумның мақсаты – түркі әлемінің сәндік-қолданбалы өнерін таныту, дәстүрлі киім мәдениетін көпшілікке жеткізу, этнодизайндағы жаңа бағыттармен бөлісу және мамандар арасында тәжірибе алмасу. Іс-шара ғылыми конференциямен ашылып, онда түркі халықтарының киім мәдениеті мен ұлттық өрнектердің мән-мағынасы талқыланды.

Конференция аяқталған соң форум көрерменді ұлттық нақышқа толы сән әлеміне жетелеген этнодизайнерлердің керемет дефилесімен жалғасты. Сахнада Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген шеберлер өз қолтаңбасы бар ерекше топтамаларын ұсынды.  Әрбір дизайнер сахнаға шыққан сайын халық мұрасы мен заманауи сән үрдістерінің үйлесімін көрсетіп, көрерменге жаңа бір эстетикалық әсер сыйлады.

Көрсетілімді Қызылордадан келген талантты сәнгерлер ашты. Олар көпшілік назарына «Алшын асық» деп аталатын, терең мән-мағынаға толы топтаманы ұсынды. Жеті киімнен тұратын бұл коллекция көрерменнің назарын бірден өзіне аударды. Әсіресе киімдердегі түйме орнына қолданылған алшы асықтар топтаманың басты ерекшелігі болды.

Алғашқы көрсетілімнен соң сахнаға Әзірбайжаннан келген дизайнердің бірегей топтамасы шықты. Бұл коллекцияның негізгі идеясы – әлемге әйгілі әзірбайжан кілемдерінің көркемдігін заманауи сән тілі арқылы жаңғырту. Дизайнер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен кілем нақыштарын әйелдер киіміне шеберлікпен үйлестіріп, оның әр оюының астарындағы терең мағынаны сән сахнасына шығара білді.

Халид Аскерхан, форумға қатысушы: «Бұл топтаманы жасау барысында менің басты мақсатым – әзірбайжан кілемдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетін бүгінгі сән сахнасына жаңа тыныспен алып шығу болды. Біздің кілемдер – тек тұрмыстық бұйым емес, халқымыздың жаны мен тарихының көрінісі. Әрбір ою, әрбір сызық — ата-бабалардың аманаты, ұлт болмысының коды. Сол себепті мен осы киімдерге кілем өрнектерін түсіре отырып, әйел бейнесі арқылы ұлттық өнердің нәзіктігі мен мықтылығын қатар көрсеткім келді»

Дефиле одан әрі Қырғызстаннан келген дизайнердің ерекше коллекциясымен жалғасты. Бұл топтама қырғыз-қазақ мифологиясында жиі кездесетін «алып қара құс» бейнесінен шабыт алған. Коллекциядағы әрбір киімде қара қанаттың түрлі формасы қолданылып, мифтік құстың күш-қуаты мен тылсым символикасы сән тілімен сөйлетілді.

Сәнгер бұл шешім арқылы түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын, табиғатпен байланысын және ежелгі мифологиядағы қасиетті бейнелердің мәнін паш еткісі келгендей. Қара қанаттың силуэттері киімге айбын мен еркіндік реңін беріп, топтаманың концепциясын біртұтас көркем образға айналдырды.

Озатбек Дадабаев, форумға қатысушы: «Коллекциядағы әрбір киімге қара қанат элементтерін арнайы енгізуімнің себебі — түркі әлемінің тамырындағы ортақ рухани кодты көрсету. Қанат — тек әшекей емес, ол ұшуға деген талпынысты, өрлік пен еркіндікті білдіреді. Киімді киген адам өзін осы рухани қуатпен үндес сезінсе, менің мақсатым орындалды деп санаймын»

Осылайша әрбір ел өзіне тән әуенді қосып, ұлттық болмысын айшықтайтын сәндік қойылымдарын ұсынды. Үш елдің де сән көрсетілімдері әртүрлі реңкпен, әртүрлі мәнермен таныстырылғанымен, олардың барлығын біріктірген ортақ идея айқын болды: яғни, түркі халықтарының түп тамырынан бастау алатын ою-өрнекті, ұлттық нақышты және ортақ мәдени кодты көрерменге лайықты деңгейде насихаттау. Дефиле сахнасына шыққан әрбір киім түркі жұртының белгісі іспетті болып, ортақ мұраның әсем әуені ретінде көрінді.

Көздің жауын алған сән көрсетілімдері форум қонақтарының жүрегінен ерекше орын алды. Әрбір образ, әрбір ою, әрбір деталь – көрерменді өзіне баурап, ұлттық мәдениеттің тереңдігін сезіндірді. Сахнада жарқыраған киімдер мен үндескен әуендер бір сәтке түркі халықтарының ортақ шежіресін көз алдына әкелгендей болды. Келушілер дизайнерлердің шығармашылығына жоғары баға беріп, олардың еңбегіндегі шеберлік пен тың идеяларға ризашылықтарын білдірді. Әсіресе түркі әлемінің ою-өрнегін жаңаша қырынан таныстыруы, әр елдің өзіндік болмысын сақтай отырып ортақ мәдени мұраны ұсынуы қонақтарды тәнті етті.

Форумның екінші күні шығармашылыққа толы ерекше атмосферамен жалғасты. Бұл күні қолөнер шеберлері мен этнодизайнерлер өз тәжірибесімен бөлісетін шеберлік сағаттарын өткізді. Қолмен тоқыма жасау, зергерлік бұйымды қалыптау, тері мен киізді өңдеу, ұлттық әшекейдің жасалу техникасы сияқты жұмыстарды қатысушылар жақыннан тамашалап, кейбірі тіпті өздері жасап көрді. Қонақтар ұлттық мұраның осындай байлығын бір жерде көру мүмкіндігіне қуанып, көздің жауын алатын ерекше бұйымдарды сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. Форумның бұл бөлінісі мәдениетті тану ғана емес, ұлттық өнерді қолдауға бағытталған әсерлі әрі мазмұнды күн болды дейді ұйымдастырушылар.

Форум аясында қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Марапаттарды салтанатты түрде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз қолымен тапсырды. Ал Қала жұртының қонақжайлылығы мен жылы ықыласы форум қатысушыларына жылы әсер қалдырып, халықаралық деңгейдегі шараның мәнін арттырды. Осылайша форум тек кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, мәдениетаралық достықты нығайтатын маңызды оқиғаға айналды.

Форумды қорытындылай отырып, түркі мәдениетінің амбассадоры саналатын «TURAN» ансамблі ерекше музыкалық-фольклорлық қойылымымен сахнаға шықты. Көрермендер ұлттық әуен мен билердің үйлесіміне, дәстүрлі аспаптардан шыққан сазға бауралып, әсерлі кештің куәсі болды. Қала қонақтары мен форум қатысушылары ансамбльдің өнерін тамашалап, түркі әлемінің рухани байлығы мен мәдени мұрасының бірегейлігін сезінді. Бұл қойылым форумның соңғы сәтін ерекше мерекелік және көркем әсерге толтырып, қатысушылардың жүрегінде ұзаққа сақталатын есте қаларлық сәтке айналды.

Лаура Бабас