Түркістанда мақта кластеріне инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі

25

Түркістан облысында туындаған мақта бағасына қатысты мәселені шешу мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мақта зауыттарының басшыларымен және диқандармен кездесті. Басқосуға өңірдегі микроқаржы ұйымдарының басшылары да қатысты. Шаруалардың проблемасы қалай шешіледі? Мақта бағасы өзгере ме?

Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалды мақта бағасын шұғыл түрде белгілеу керектігін айтты. Бұған дейін талай рет шағымданған шаруалардың жанайқайын жеткізген өңір әкімі агроқұрылымдарға техникалық дақылдың тек шикізат күйінде экспортталуына байланысты баға шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді екенін атап өтті. Сондықтан олармен тәуелсіз жұмыс істеу мақсатында өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет деді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бізде бір ғана мәселе бар. Бір жағында кәсіпкерлер, бір жағында шаруалар тұр. Бұдан артық созуға болмайды. Мақтаның бағасын көтересіздер».

Басқосудың мақсаты – осы саладағы барлық проблеманы талқылап, мақтаның нақты бағасын белгілеу. Шитті мақтаның зауыттарға өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді болғандықтан халықаралық Ливерпуль биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінгі күнге биржада орта талшықты мақта бағасының 1 келісі шамамен 230 теңгені құрап отыр.

Ал жиын барысында облыстың шаруалары мен мақта зауыты басшылары келісіне 250 теңгеден есеп айырысатын болды. Жалпы, өңделген мақтаның құны шикізатынан әлдеқайда қымбат екені белгілі. Сондықтан алдағы уақытта өңірдегі мақта кластерін дамытуға күш салынады. Әрі қайта терең өңдеуге инвестиция тартып, мақта сапасы мен өнім көлемін арттыру жоспарланып отыр.