Шымкент қаласына алдағы бес жылда 6,6 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту, мегаполистің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Сондықтан осы мақсатта инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, мемлекеттік қолдау тетіктері тұрақты түрде көрсетіліп жатыр.
Үшінші мегаполиске алдағы бес жылда 6,6 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Сөзіне сенсек, соңғы үш жылда Шымкент экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның басымм бөлігі жеке инвесторлар есебінен қаралған. Нәтижесінде, орташа жылдық өсім 11 пайызды құраған.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту – стратегиялық міндетіміз. Бұл ретте инвесторларға қолайлы жағдай жасап, тұрақты қолдау көрсетіп келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция жұмылдырылса, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады».
Баспасөз мәслихатында қала әкімі Шымкентте жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, түркиялық «Alsera KZ» компаниясымен бірлесіп, 650 гектар аумақта еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешенінің құрылысы қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 322 миллиард теңге.
Сондай-ақ, Польшаның «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 миллиард теңге болатын жоғары технологиялы жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бұл жоба аясында жылына 36 мың тонна көкөніс өндіріліп, 800-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша келісімге қол қойылды
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Сонымен қатар, түркиялық «YDA Group» компаниясымен өндірістік технологиялық материалдар шығару, ал отандық «INTERTRANS» компаниясымен мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу жоспарланған Астана қаласында өткен инвестициялық форум аясында қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд. теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 МВт электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған жобаны іске асыру үшін қоқыс полигоны маңынан 12 гектар жер телімі бөлінді».
Жалпы, бұл жобалар Шымкент қаласына инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Қала басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы жылдары да инвестициялық белсенділік сақталып, жаңа өндіріс орындары ашылады. Сондай-ақ, инфрақұрылым дамиды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді. Бұдан бөлек, тұрғындардың әл-ауқатының артуына оң әсерін бермек.
Нұргүл Жолымбетова







