ҚР Парламенті мәжілісінің жалпы отырысында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер талқыланды. Әсіресе, заңсыз жерлерді қайтарУ проблемасы көтерілді. ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда таныстырды. Ал депутаттар мнистрліктің жұмысын қалай бағалады?
Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев мәжілісте депуттаттардың сынына ілікті. Сауал жолдаған халық қалаулысы Берік Дүйсенбиев жердің қайтарылмай жатқанына наразылық білдірді. Әрі министрлік тек әдемі баяндама жасап қана қоймай, шынайы іс-әрекетке көшуі қажет екенін айтты.
Берік Дүйсенбиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Жаңа әдемі баяндама жасадыңыз. Бірақ «мыңдаған гектарды қайтарып жатырмыз» деген сөзіңізге елдің сәлемін жеткізгім келіп отыр. Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Жердің иелерін тақтаға жазып, көрсетуге кім кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі. Павлодарға барсаңыз, Бақауовтікі, Астананың маңайындағы Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр. Баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Халық наразы болып отыр. Халыққа жер жетпей отыр».
Ал шенеунік өзіне шүйліккен депутатпен келіспейтінін бірден айтты. Өйткені, 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жердің иесі анықталып, көрсетіліп отыратын көрінеді. Жүйеде егер ол мемлекеттікі болмаса, кімнің жері, қай қожалыққа тиесілі екені анық көрсетіліп тұрады екен.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауылшаруашылығы министрі: «Әкімдердің жерлеріне тиіспей, қорғап отырмыз» дегенге қабылдай алмаймын. Себебі биыл 5,2 млн га жерді қайтардық. Олар кімнің жері? Бұрынғы әкімдердің, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да 5 млн га жер қайтарамыз. Мысалы, сен кім болсаң да, егер жерді заңды түрде пайдаланып отырсаң, онда біздің тиісуге құқығымыз жоқ. Бірақ заңды бұзып берілген жер екені анықталса, біз оны қайтарып жатырмыз. 5,2 млн өтірік деп отырсыз. Қазір интерактивті картаны әзірледік. Депутат трибунасынан ондай сөзді айтуға болмайды деп ойлаймын. 5,2 млн гектарды жүктеп, оның әрбір иесі кім болғанын көрсетуге дайынбыз».
Осы тұста дауға депутат Азат Перуашов та қосылды. Ол министрлік нәтижелі жұмыс істеуі қажет дегенді алға тартты. Әрі министрді сынды дұрыс қабылдауға шақырды. Азат Перуашевтің сөзінше, шенеунік айтып отырған интерактивті карта әлі практикалық түрде толық іске қосылмаған.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Депутатқа осылай айтуға болмайды» дедіңіз. Депутаттарға не айтуға болатынын, не айтуға болмайтынын өзіміз білеміз, жарай ма? Сізді ол жағынан мәдениетті болуға шақырамын. Бұл – бір. Екіншіден, сіз мұндай сынды тыңдағыңыз келмейтінін айттыңыз. Тыңдағыңыз келе ме, келмей ме, бірақ біз сізді тыңдатамыз. Бұл біздің еліміз алдындағы қызметіміз бен міндетіміз. Үшіншіден, интерактивті карта туралы айттыңыз. Интерактивті карта істемейді. Өтірік болмаса, біз қай жердің кімдікі екенін біліп отырушы едік. Ондай ақпарат табу әлі күнге дейін мүмкін емес. Министр ретінде ақпарат беруіңізге құқығыңыз бар. Бірақ мен сіздің ақпаратыңызбен келісе алмаймын».
Қарашөекеевтің айтуына қарағанда, жер тапшылығы сезіліп отырған ауыл тұрғындарына тарату да күрделі проблема. Ол жұмыс жергілікті әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл мәселемен солар айналысады. Ал министр атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесінде 1,8 млн пайдаланылмай жатқан жер қазір кәдеге жарай бастағанын айтты Жалпы бүгін Ауыл шаруашылығы министрі «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда таныстырды.