«Кедендегі кептеліс бітер емес»

106

«Кедендегі былық бітер емес». Бұл туралы бүгін өткен мәжіліс отырысында депутаттар үн қатты. Сөздерінше, елдегі бірқатар кеденде ұзын-сонар кезек пен парақорлық тиылмай келеді. Бұл туралы шенеуніктерге кәсіпкерлер арызданған. Халық базынасын Премьер-министрге жолдаған олар бұдан бөлек елді қауіпті тауарлардан қорғау жайлы заңды мақұлдады.

Қазақстан кедендеріндегі кептеліс пен парақорлық әлі күнге дейін тиылмай келеді. Бұл туралы бүгін мәжіліс отырысында депутат Меруерт Қазбекова айтты. Ал, карантинге байланысты кезек қазір тіпті айға созылатын болған. Кесірінен жүргізушілер көлікте тұрақтап, көлікте тамақтануға мәжбүр дейді шенеунік.

Меруерт ҚАЗБЕКОВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Шамамен 600-ге жуық жүк көлігі орналастырылған Құрғақ порт аумағында қарапайым қолайлылықтың өзі жоқ, мысалы, жүргізушілер тамақты өз көлігінің кабинасында ішеді, оның үстіне құрғақ порт басшылығы сол жерде жүк көліктерінің кабиналарында тұрып жатқан жүргізушілерді тамақтандыру құқығы үшін алым алады, ол – бір көлік үшін 30 мың теңге».

Мінбедегілер аталмыш мәселені бұған дейін де көтергенін айтады. Алайда одан шыққан нәтиже болмаған. Енді міне кәсіпкерлер қайта арызданып, проблема Премьер-министрге жолдады.

Меруерт ҚАЗБЕКОВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «16 тамызда фракция депутаттары көрсетілген кеден бекетінде болды, мемлекеттік органдардың өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Сапар кезінде өткізу пунктінде 50 шақырымға созылған 2,5 мың автокөліктен тұратын кезек пайда болды. Жүргізушілер жүк машиналарының 2-3 ай бойы қозғалыссыз тұрғанына, ал кейбіреулері «өткізгіш» деп аталатын жол полициясының қызмкеткерлерінің арқасында кезексіз өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді, олардың кедергісіз өткізу ставкалары 1-3 мың доллар аралығында болған».

Бұдан бөлек, депутаттар бүгін «Техниканы реттеу» заңын мақұлдады. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша жаңа ереженің салмақты тұсы басым. Мәселен, бұған дейін елімізге келетін тауарлар шекарадан өткен соң тексерілсе, енді кеденнен өтпей тұрып, бақыланатын болады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Жасыратыны жоқ, осыған дейін басқаша болды. Мысалы, кез-келген өнімді біз ең алдымен елге кіргіземіз де, содан кейін тексереміз. Қауіпті жағдай болса, сонда ғана анықтау басталады. Енді өнім Қазақстанға кірмей тұрып, мемлекеттік бақылаудан өтеді. Қауіпті жағдай анықталса, бірден ол тауарды әрине, қайтарамыз. Бұл өте маңызды, өте қажетті қадам. Сондықтан бұл норманы міндетті түрде қолдауымыз керек».

Осылайша депутаттар заң жобасына енгізілген түзетулер тұтынушыларды қауіпті тауардан қорғайды деген сенімде.

Назерке Үкібасова