Сенат сайлауы: Шымкенттен 3 кандидат, Түркістан облысынан 4 үміткер тіркелді

188

14 қаңтарда ҚР Парламенті Сенатының сайлауы өтеді. Түркістан облысында Сенат депутаттығына ұсынылған алты кандидаттың арасынан 4 үміткерді облыстық аумақтық комиссия тіркеді. Шымкент қаласы бойынша Сенат депутаттығына тіркелген 3 кандидат күнтізбелік жоспарға сәйкес таңдаушыларымен кездесу өткізіп, үгіт насихат жұмыстарын бастап кетті.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Сенат депутаттығына сайлауға түсуге 66 кандидат тіркелді. Олардың 20-сы әйел. 63 адам өзін өзі ұсынған. Ең жас үміткер 31-де. Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, шахар бойынша Сенат депутаттығына 3 кандидат тіркелді.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссияының төрағасы: «Шымкент қаласы бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына келесі кандидаттар тіркелді: Нұрлан Бекназаров, Сенат депутаты, Бауыржан Алтеев, Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы ҚБ төрағасы және Шымкент қалалық мәслихатындағы тұрақты комиссиясы төрайымы Альбина Елшиева».

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Сенат депутаттығына 6 кандидат ұсынылған, алайда олардың төртеуі тіркеуде қалды. Мамандықтары бойынша екеуі заңгер, біреуі экономист, біреуі қоғамдық бірлестіктің өкілі. Кандидаттардың орташа жасы 47-де

Әмірдин Әлішев, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары: «ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Түркістан облысы бойынша үміткерлер: Мейрамбек Ақмұратов, Сағынбек Асылбеков, Мұрат Қадырбек, Ербол Орманов».

Сенат депутаттығына тіркелген 66 кандидат сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын 24 желтоқсанда бастап кетті. Оны өткізуге 19 күн беріліп отыр. Яғни, 12-і қаңтарда сайлауға бір күн қалғанда, түнгі сағат 24:00-де үгіт-насихат аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні. 14-ші қаңтарда ҚР Парламенті Сентатына сайлау өткізіледі. Сенаторлардың мәслихат депутаттары таңдайды