Шымкентте 3 коммуналдық мекеме жекешелендіру тізімінен алынып тасталды. Аукционға қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін және шағын қазандықтарға қызмет көрсететін компания, сондай-ақ кәріз және қалалық каналдарды басқаруға жауапты мекемелер шығуы тиіс еді. Бірақ прокуратура, жоспар жүзеге аспады деп мәлімдеді. Олар бұл мәселе туралы ұлттық Экономика министрлігіне хат жолдаған.
«Шымкентте 3 коммуналдық мекеме жекеге өтпек». Қала әкімдігіне қарасты «Қуатжылу-орталық-3», «Су құбыры және кәріз басқармасы», «Шымкент Су шар» мекемесі сатылып кетпек болды деген ақпарат тарады. Алайда прокуратура бұл процесті тоқтаттық деп мәлімдеді. Өйткені, ол қала тұрғындарына тиімсіз.
Ұлан Орманов, Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі: «Жекешелендіруге Ұлттық экономика министрлігі, яғни жергілікті әкімдері жауап береді. Қала прокуроры қол қойған Ұлттық экономика министріне жолдадық, тиісті мәселе комиссия отырысында қаралып, осы үш нысанды алып тастау туралы Үкімет қаулысы шықты».
Ал қалалық қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, аталған мекемелер жекешелендіру тізімінде болғаны рас. Бірақ оны тізімнен алып тастау мақсатында қала әкімдігінің өзі жауапты министрлікке 14 рет хат жолдапты.
Руслан Бақтыбаев, Шымкент қаласы қаржы басқармасының басшысы: «Экономиканы модернизациялау бойынша комиссияның ұсынысымен жоспарға енгізілген. Бірақ, біз қала тұрғындарының ұсыныстарын және аталған мекемелердің қала өмірі үшін маңыздалығын ескеріп, кешенді жоспардан алып тастауға мәжбүр болдық. Егер сатылып кеткен жағдайда тарифтер өсіп кетуі мүмкін, басқа да қауіптерді ескеріп әкімшілік тарапынан, қала басшылығы тарапынан 1,5 жыл үкіметпен бірлесіп жұмыс атқарып кешенді жоспардан алып тастады».
Бүгінде ел бойынша «Мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және бюджетке салмақты азайту мақсатында жекешелендіру жобасы іске асырылып жатыр. Бірақ, коммуналдық мекмелерді жекеге өткізу халық үшін де, әкімдік үшін де тиімсіз дейді жауаптылар.
Руслан Бақтыбаев, Шымкент қаласы қаржы басқармасының басшысы:
«Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат дұрыс емес. Егер коммуналдық мекемелер жекеге өтсе, түрлі проблема туындауы мүмкін. Халықты ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз».
Айта кетейік, мұндай проблема тек Шымкентте емес, республикада да орын алған. Бүгінде, ел бойынша жергілікті атқарушы органдарға қарасты халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін 192 ұйым жекешелендірудің кешенді жоспарынан алынды.