Түркістан: «Ардагерлер ұйымының» құрылғанына 35 жыл толды

43

Биыл «Ардагерлер ұйымының» құрылғанына 35 жыл толды. Мерейлі мерекені Түркістан облысының филиалы салтанатты түрде атап өтті. Шараға облысымызға тиесілі 528 бастауыш ұйымның мүшелері шақырылған. Салтанатты жиында концерттік шара ұйымдастырылып, ардагерлер алғыс хаттармен марапатталды.

Түркістанда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мұнда облысқа еңбегі сіңген ардагерлер мерейлі мерекені атап өтуге жиналды. Олар 17 аудан мен қалалардағы 528 бастауыш ұйымдарына тіркелген ардагерлер қауымдастығының мүшесі. Ал Түркістан облыстық филиалының төрағасы 4 жыл ішінде зейнеткерлерге жасалған мүмкіндіктер жайында баяндады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының төрағасы: “Тарих бетін парақтасақ 35 жыл көп те, аз да уақыт емес. Қазір “Ардагерлер ұйымы” еліміздегі ықпалды, белді ұйымға айналды. 35 жылда Түркістан облысында 140 мың ардагер есепте тұрады. Оның ішінде 23 ҰОС ардагері бар. Олар 528 бастауыш ұйымдарына тіркеліп, ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді”

Облысымызда 180 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың бәрі де өңірдің өркендеуіне үлесін қосқан жандар. Қазірдің өзінде өз белсенділігін танытып, қоғамның мәдени-рухани дамуына септігін тигізуде. Аймақ жастарынан ақылын аямаған қазыналы қарттарымызға өңір басшысы арнайы құттықтауын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Ардагерлерімізді мерекесімен құттықтаймын. Қоғамның гүлденуіне, мемлекетіміздің іргетасының мықты болуына сіздердің қосқан үлесіңіз мол. Кезең кезеңімен жалғасатын жұмыстар бар. Ол руханият, мәдениет. Бүгінгі таңда біздің облыстық “Ардагерлер ұйымы” осы бағытта табысты еңбек етіп келеді. Қарттарымызды қадірлеп, ардагерлерімізді ардақтау арқылы жарқын болашаққа бет аламыз. Еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз”

«Ардагерлер» ұйымның негізгі мақсаты – зейнеткерлердің құқықтарын қорғау, лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге ықпал жасау. Ал шара соңында осы салада тер төгіп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бірқатар ардагерге алғыс хаттар табыс етілді.