Түркістан облысында түрмеге есіркі кіргізу үшін күзетшіге пара бергендерге қатысты сот үкімі шықты.
Дерек бойынша, облыстың түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан екі сотталушы өзінің жазасын өтеп болған сыбайласының көмегімен мекеменің инспекторына 30 мың теңге пара беру арқылы 101,18 г кептірілген марихуананы кіргізген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың кінәсі заттай дәлелдемелермен, куәгерлердің айғағымен және сараптама қорытындысымен дәлелденген.
Олардың бұрын сотталғаны назарға алынып, жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сот шешімімен сотталушылардың біріне 18 жыл, екіншісіне 16 жыл 11 ай ал үшіншісіне 12 жыл 1ай көлемінде ас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейді. Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қасым Қалмағамбетов, Түркістан облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Сотталушыларға жаза олардың бұрын сотталғаны назарға алынып, әрекеттерінен қылмыс қайталануы танылып түпкілікті бірінші сотталушыға 18 жыл, екінші сотталушыға 16 жыл 11 ай, үшінші сотталушыға 12 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, олардың әрекеттеріне қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды және олардың жазаларына бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазасы қоса есептелді».