Есепке жүйрік Ислам – 4 жаста

224

Шардаралық 4 жасар Ислам Көпбай есеп шығарудан алдына жан салмайды. Оның видеосы әлеуметтік желіде 1 күннің ішінде мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Кішкентай ғана балақай тек ондықтарды ғана емес, мыңдықтарды ойланбастан алып-қоса алады. Құймақұлақ бүлдіршін қазір көбейту кестесін шығара бастапты.

Әп-сәтте әлеуметтік желінің жұлдызына айналған 4 жасар есепші Ислам кішкентай ғана Егізқұм ауылында туған. Оның есепке қызығушылығы 3 жасында байқалған. Тіпті тілі дұрыс шықпай тұрып ақ санауды үйреніп алыпты. Қазір мыңдықтарды ойланбастан қосып, алатын Ислам Көпбай, енді көбейту кестесіне көшіпті.

Ислам Көпбай, Шардара ауданының тұрғыны: “3 жердегі 3 қанша?

– 6.

5 жердегі 5 қанша

– 25.

Ал 125 -125 қанша?

– 250.

Мұның бәрін қалай үйренесің?

-Жанар апкем үйретті”.

Анасының айтуынша шардаралық есепші балақайдың  есте сақтау қабілеті ерекше екен. Қосу алу, есептеу  әдісін ол әпкелері сабақ оқып отырғанда жағаласа жүріп, үйреніп алған көрінеді. Оны білетін ауылдастары да қызық көріп Исламды көшеде тоқтатып алып, есеп сұрауды әдетке айналдырған.

Гүлнар Қонарбаева, Исламның анасы: «Исламның қызығушылығы 3 жасынан басталды. Апкелерінің жанында отырып 2 таңбалы сандарды қосып айта беретін еді. Сол кезден басталды. Енді қазір 4 таңбалыны да айта береді. 1250 деп жазып берсек параққа өзі шығарып тастайды. 9999 деп қиынырақ қоямыз. Оны да қарайды да жауабын айта береді»

Исламның математикаға жақын болуы бекер емес. Себебі атасы Көпбай есеп десе алдына жан салмайтын азамат болған екен. Исламның ағасы Қайрат Таңжарбаев, атасының сол қасиеті немересіне өткен болар дейді.

Қайрат Таңжарбаев, Исламның ағасы: «Үлкен апкелері сабақ оқып жатқанда қасында жүріп үйреніп алатын. Басында машинаның маркасын тез жаттап алатын. Атасы есепке жүйрік еді, содан өткен болар»

Бұл отбасыда есепке жүйрік жалғыз Ислам ғана емес. Оның 3 апкесі де оқу озаты. Ата-анасы балаларына көз тиіп кете ме деген оймен бастапқыда видеоның  таралуын қаламаған екен. Желі жұлдызына айналған балақайға бүгінде түрлі телебағдарламалардан шақыртулар келіп жатқан көрінеді.