Шымкентте 55 мыңнан астам азаматқа қатысты әкімшілік жаза тоқтатылды. Бастама әкімшілік рақымшылық аясында қолға алынған. Нәтижесінде, 1,9 млрд теңге айыппұл есептен шығарылды. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаменті хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл жұмыстар жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жүзеге асырылып отыр.
55 мыңнан астам Шымкенттік әкімшілік рақымшылыққа ілінді. Яғни, олардың күні бүгінге дейін төленбей қалған әкімшілік айыппұлдары кешірілді. Бұл ізгілік шарасы қоғамға қауіп төндірмейтін ұсақ құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау. Полиция департаментінің мәліметінше, бұл елімізде алғаш рет өткізілген әкімшілік рақымшылық.
БАҚЫТКЕЛДІ АБДРАМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне бастап, ҚР жаңа конституциясының күшіне енуіне орай, елімізде алған рет әкімшілік рақымшылық жүргізілді. Ол заңда көзделген баптарға сәйкес, азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуден босатылу қарастырылды. Осы орайда, рақымшылық нәтижесінде, Шымкент қаласы бойынша 55 мыңнан астам азамат айыппұл төлеуден босатылып, жалпы сомасы 2 млрд. теңге жуық айыппұл орындалу тоқтатылды. Бүгінгі таңда әкімшілік рақымшылық жүзеге асыру жұмыстары толық көлемде аяқталды».
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әкімшілік рақымшылық бір реттік ізгілік шарасы. Сондықтан рақымшылыққа ілінген азамат алдағы уақытта қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол заң алдында жалпы тәртіппен жауапқа тартылады.
«Рақымшылық – бір реттік ізгілік шарасы болып табылады және болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Сонымен қатар, заңның ережелері соттар қарайтын құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ заңнамада тікелей көрсетілген өзге де санаттарға қолданылмайды».
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ
Айта кетейік, әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, азаматтарға мемлекеттік органдарға барып өтініш жазудың, қосымша құжат жинаудың немесе қандай да бір өтініш берудің қажеті болған жоқ. Алайда, бұл жеңілдік қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде рөлге отыру, жол ережелерін өрескел бұзу фактілеріне байланысты сондай-ақ, қайталама құқық бұзушылық жасағандарға қолданылмайды.
Нұргүл Жолымбетова
