Úı ANONS Жедел жәрдемдегі жұп: Махаббат пен мамандықты тоғыстырған отбасы

Жедел жәрдемдегі жұп: Махаббат пен мамандықты тоғыстырған отбасы

Бірі жұмысын аяқтап жатса, екіншісінің ауысымы енді басталады. Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында он жылдан бері қызмет етіп келе жатқан фельдшерлер Асылжан мен Қаламқас – өмірде де, мамандықта да серіктес. Осы ұжымда танысып, шаңырақ көтерген жұп бүгінде кішкентай қыздарын тәрбиелеп отыр. Балалары ата-ананың мейірімінен кенде қалмауы үшін олар саналы түрде әртүрлі ауысымда еңбек етеді.

Асылжан Рахаттың әр жұмыс күні 103-ке түскен шақыртудан басталады. Он жыл ішінде ол адам өміріне қатысты шешімді санаулы секундта қабылдауға машықтанған. Бірақ өміріндегі ең маңызды шешім дәл осы жедел жәрдем станциясында қабылдаған. Болашақ жары Қаламқаспен осы жерде танысып, кейін екеуі шаңырақ көтерді.

АСЫЛЖАН РАХАТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ: «2015 жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Қаламқас тәжірибеден өтуге келгенде жетекшісі болдым. Кейін араласып, бір-бірімізді жақынырақ таныдық. Үш жылдан кейін отбасы құрдық. Қазір кішкентай қызымыз бар. Сондықтан көбіне әртүрлі ауысымда жұмыс істейміз. Біріміз жұмыста болсақ, екіншіміз баламыздың жанында болады».

Жұмыс кезінде ерлі-зайыптыларға бірге уақыт өткізуге мүмкіндік бола бермейді. Себебі бірі шақыртудан оралғанда, екіншісі жаңа науқасқа көмек көрсетуге асығады. Сондықтан олардың ең қымбат кездесулері жедел жәрдем көлігінің жанында, ауысым алмасқан бірнеше минутпен ғана шектеледі.

ҚАЛАМҚАС БЕГМАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ: «Жұмысымдағы ең ұмытылмас сәттердің бірі – шақырту кезінде нәрестенің дүниеге келуіне көмектесу болды. Осындай сәттер мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін сезіндіреді. Жолдасым менің жұмысымды жақсы түсінеді. Сондықтан ауыр ауысымнан кейін де әрдайым қолдау білдіріп, жігер береді».

Ал Асылжан мен Қаламқас үшін жедел жәрдем – жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – олардың таныстығы басталған, отбасын құруға шешім қабылдаған және бүгінге дейін махаббат пен жауапкершілік қатар өрілген ерекше мекен.

 

Лаура Нахыпқызы