Улы газдан уланудың алдын алу

174

Күн суыта бастағанда өрттермен және улы газбен улану оқиғаларының орын алуы жиілей түседі. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, өкінішке орай, бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып отырады. Қазіргі таңда  улану сынды келеңсіз оқиғалар жиі тіркелуде.  Мұндайда «жылыту маусымында бұрыннан осы жағдаяттар әдеттегіге қарағанда біршама көбірек кездесетін» деп, бар кінәні қыстың суық күніне артып, салдарлармен ғана күресіп қарап отыруға әсте болмайды. Осы орайда кәдімгі пештерді, су жылытатын газ аспаптарын, үйді, суды  жылыту құралы ғана емес, өзекті қауіп-қатердің ошағы екенін естен шығармағанымыз жөн.
Улану жағдайлары көбіне жер үйлерде орын алып жатса, қазіргі таңда бұл жағдайлар қала аумағындағы көпқабатты үйлердеде жиелініп кетті. Көбінесе тұрғындардың улы газбен улануының негізгі себептеріне мұржаның тазартылмауы оның талапқа сай орналастырмауы жатады, сондай-ақ, қозғалтқышы бар автомобиль орналасқан жабық бөлмеде болған кезде де пайда болуы мүмкін.
Газбен улану фактілері адамдардың қайтыс болуына алып келетіндігін ескерсек, жылыту пештерін құру және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне барынша назар аудару маңызды.
Адам ағзасын улайтын газдың иісі болмайды, сондықтан оны адам сезбей қалады. Тек ауа құрамында газдың шамадан тыс көбейіп кеткенін адамдар басы ауырып, әлсірегенде барып сезінеді. Мұндай кезде адам сол заматта таза ауаға шықпаса естен танып қалады да, жарты сағаттан кейін жүрегі тоқтайды.
Адамға улы газдың әсер етуі өте қарапайым. Қанға сіңгеннен кейін улы газ гемоглобинді қармап, оның оттегімен қанығуына кедергі жасайды. Бұл жағдай бірінші кезекте бұлшық еттің әлсізденуіне, жүрек айнып, бастың айналуына соқтырады.
Көзге көрінбейтін, иісі сезіле қоймайтын, жаныңды ауыртпай алатын улы газ көбіне адамдарды ұйқыда жатқанда қапы қалдырғанына аз куә болып жүргеніміз жоқ.
Демек, біз қыстың күні ұйқыға жатар кезде пешті барынша қыздырып жағып қана қоймай, оның жану барысын, улы газ бөлу деңгейін ұдайы бақылауда ұстағанымыз абзал. Қаланың басым бөлігі орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілмегеніне байланысты  тұрғындар газды су жылытқыш құрылғыларын пайдалануда. Су жылытқыш құрылғыларының мұржаларын  дұрыс орнатпауы қайғылы салдарға әкелуде. Осы орайда мұржасы тазартылмаған, ақауы бар жылытқыш құрылғыларын, пештерді қолданбау, оларды қолдануды балаларға тапсырмау қажет екенін ескерткіміз келеді.
Кез келген төтенше жағдайда «101» немесе «112» телефонына хабарласыңыз!

Б.Қамбаров, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті
Тұран ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы
азаматтық қорғау полковнигі