Түркі мемлекеттері экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге ниетті

48

Түркі мемлекеттері экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге ниетті. Бұл туралы «Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс және интеграция» тақырыбындағы сарапшылар отырысында белгілі болды.

«Қазіргі уақытта барынша тығыз ынтымақтастықты жолға қою арқылы экономикалық зерттеулер орталықтарының арасындағы байланысты күшейту қажет. Біздің ойымызша, оған сол институттар мен сарапшылар арасында желі құру арқылы қол жеткізуге болады», – деді Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев.

Оның атап өтуінше, соңғы бірнеше жылдың ішінде түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жақсара түскен.

«Оған оңайлықпен қол жеткізілген жоқ. Ол саяси көшбасшыларымыздың сарабдал саяси шешімдері арқылы рет-ретімен, біртіндеп жүзеге асырылды. 2021 жылы Түркі әлемін дамыту бағдарламасы қабылданғаннан кейін түркі мемлекеттерінің көшбасшылары ынтымақтастық дамыту жөнінде міндеттеме алды», – деді академия президенті.

Сонымен қатар ол өткен жылы Самарқанд қаласында түркі мемлекеттері арасындағы интеграцияны одан ары күшейту жөніндегі форум өткенін және онда 2022-2040 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданғанын еске салды.

«Енді елдерімізге аталған бастаманы жүзеге асыру үшін нақты идеялар талап етіледі. Қазір Үкіметтерімізге оңтайлы шешімдер іздеуге көмектесуіміз үшін серіктестік қажет. Халықаралық түркі академиясының президенті ретінде экономикалық мәселелерге барынша назар аударуға қатысты нақты көзқарасым бар. Түркі академиясы түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды талқылау үшін алаң ұсына алады», – деді Шаһин Мұстафаев.