33 жастағы адамды ұрып өлтірген: Туыстары кінәлілердің жазалануын сұрайды

128

Шымкент қаласының тұрғынын айуандықпен өлтіріп кеткен. Бұл туралы арнамызға марқұмның ата-анасы хабарлады. Сөздерінше, шабуыл жасаған азаматтар өлтіру мақсатында арнайы дайындалып келген. 33 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал аман қалған інісі оларға қарулы 8 адам шабуыл жасағанын айтты.

Кісі өлімі осы үйде орын алған. Ұйқыда жатқан 33 жастағы ер адамды айуандықпен ұрып өлтірген. Марқұмның туыстары таңғы сағат 4-тер шамасында үйге қарулы 8 адамның басып кіргенін айтады. Қолдарында арматура мен қару-жарақ болған.

Оқиға орын алған 26 қаңтар күні бұл үйде 3 адам болған. Басы мен денесінен жарақат алып, аман қалған марқұмның інісі бетперде киген шабуылдаушылардың көздегені Бахрам Жанжігітов болды дейді. Сөзінше, 8 адам оны ұрып өлтірген.

Оралхан Тасболат, марқұмның інісі: «Ұйықтап жатқанбыз, терезеден кіріп ұйықтап жатқан жерімізде ұрып тастады. Мен ас үй жаққа кіріп кеттім. Ағамды мына жаққа тартып 5-6 адам жабылып ұрды. Қолында, бита, темір, арматура, гвоздодер, писталеттері де болды».

Жағдайды бірінші марқұмның әкесі естіпті. Бірден оқиға орнына жеткен ол қорқып кеткенін айтады. Өйткені, айналаның бәрі қан, ал есік-терезе мен көлік қирап жатыр. Ал баласының денесінде сау жері қалмаған. Соңғы демі таусылар шағында тек шабуылдаушылардың атын айтып үлгеріпті.

Рустам Жанжігітов, марқұмның әкесі: «Үйдің иесі маған звондады, мен жетіп келдім. Балам қолымда жан тапсырды. Денесінде сау жері жоқ. Бармақтары ұшып жатыр. Ішке кіргенде барлық жақ қан-қан. Барлығы комуфляжный одеждада болған. Қолдарында замоктар, хамуттар болды».

Полицияға бұл туралы арыз жазылған. Бірақ, күдіктілердің тек екеуі ғана ұсталған дейді Рустам Жанжігітов. Қалғандары қашып кеткен көрінеді. Марқұмның туыстары барлық кінәлілер жазасын алсын деп отыр.

Рустам Жанжігітов, марқұмның әкесі: «Бір айдан бері тек екі адам. Ұйымдастырушылар ұсталған. Қалғандарын білмейді. Неге іздеу салмайды. Бәрін табатын уақыты келді қой. Бізде ақпарат көп. Бәрін тергеушіге айттық. Тергеуші олар емес біз сияқты».

Оқыс жағдайдың мән-жайын білу мақсатанда Шымкент қалалық полиция департаментіне хат жолдадық. Департаменттің баспасөз қызметі күдікті ретінде 2 адамның құрықталғанын растады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «1987 ж.т. азаматты өлтіру жайты бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 99-бабының 2-бөлігімен тіркелген іс Шымкент қ. ПД Тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды. Қылмыстық істі тергеу барысында күдікті ретінде 2 тұлға ұсталып, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды».

Ал қалған азаматтарға қатысты жедел ізтестіру шаралары жалғасып жатыр. Бірақ нақты күдікті ретінде қанша адам танылғаны белгісіз. Марқұмның туыстары кісі өліміне қатысты барлығы толық жазаланғанын және қылмыстық іске қатысты соттың әділ өтуін талап етеді.