Úı ANONS «Ясауи керуені» Түркістаннан басталды

«Ясауи керуені» Түркістаннан басталды

 Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын жаңаша дәріптеуге бағытталған маңызды басқосу өтті. «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинарына ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар жиналып, ұлы ойшылдың тағылымы мен оның бүгінгі қоғам үшін маңызын кеңінен талқылады. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған жоба аясында қандай ұсыныстар айтылды? Ясауи ілімінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны қандай? Ал бұл бастама алдағы уақытта қалай жалғасады?

 

Түркістан қаласында мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті.  Мақсат – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру. Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым мен жастар қатысты.

 

Іс-шараны жүргізген «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов Қожа Ахмет Ясауидың рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті. Ал  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай баяндама жасады. Ғалым ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орнына және оның ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігіне жан-жақты тоқталды.

 

Ал дінтанушы Сержан Оразбай Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар жайлы сөз қозғаса, «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфунов ғұламаның  тарихи тұлғасы және ұлттық идентификациясын айтты.  Жалпы іс-шараға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты. Бастысы бұл іс-шара бір семинармен тоқтап қалмайды.

 

Сөйтіп Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен танытуға бағытталған жоба өңір тұрғындарының тарихи-рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдағы рухани келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Дилара Иса