Шымкентте болашақ бас қосты. «Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделі» конференциясында жастар халықаралық ұйымның жұмысын тәжірибе жүзінде қайталап, жаһандық мәселелердің шешімін іздеді. Еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 120 делегат пікірталас алаңында өзара келіссөз жүргізді.
Шымкенттік жастар бүгін нағыз дипломаттардың рөліне енді. Олар белгілі бір елдің мүддесін қорғап, әлемді толғандырған мәселелер бойынша пікірталасқа қатысты. Шара барысында делегаттар келіссөздер жүргізіп, қарар жобаларын әзірледі. Осы арқылы оқушылар дипломатиялық хаттама мен халықаралық ұйымдардың жұмыс тәртібін тәжірибе жүзінде меңгерді.
АЙЗЕРЕ ҚОЖАН, ҚАТЫСУШЫ: «Әр ел өзінің жеке ұстанымын айтып шығады. Оған 2-3 мин уақыт беріледі. Және бір-біріне сұрақ қоя алады. Нақтырақ айтсам, АҚШ делегаты, яғни шымкенттік белсенді жас өзінің рөлін жақсы ойнап жатыр. Шынайы фактілерді қолданып, сұрақтарға толық жауап беріп жатыр деп айта аламын»
Жоба жастардың дипломатиялық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың сыни ойлауын, шешендік өнерін және көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға бағытталған. Қатысушылар халықаралық деңгейдегі пікірталас мәдениетін меңгеріп, түрлі көзқарасты сыйлау мен командада жұмыс істеудің маңызын түсінді.
ДАНИЯЛ СЕРАЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: «Біздің мақсатымыз — қазақстан жастары арасында дипломатияны көтеру. Деңгейін көтеру, қызық темаларымыз бар. Мысалы, Палестина мен Израиль, Перциский заливтағы поставкалар мәселесі. Және басқа ООН-да талқылайтын темалар бар»
Бүгінгі конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120 оқушы қатысты. Делегаттар қатарында Украинадан арнайы келген жастар да бар. Ұйымдастырушылар мұндай білім беру жобасы жыл сайын тұрақты өткізіліп, жастардың көшбасшылық қасиеті мен дипломатиялық мәдениетін дамытуға бағытталғанын айтады.
Лаура Бабас






