Былтыр Шымкентте 4 мыңға тарта адам мүмкіндігі шектеулі статусын алған

28

Шымкентте 39 мың мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Оның басым бөлігі қан-тамыр аурулары бойынша әлеуметтік статус иеленгендер. Олармен қаладағы оңалту орталықтары тұрақты түрде жұмыс істейді. Алайда көрсеткіш көңіл көншітпейді. 

Шымкентте 39 мың адам мүмкіндігі шектеулі статусына ие. Олардың 7 мыңы кәмелеттік жасқа толмаған. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек алушылардың 50 пайызы 2 топ мүгедектігін алған. Сала мамандарының айтуынша көбісі қан тамыр ауруларына байланысты ерекше күтім режиміне өтеді.

Бахтияр Өнербаев, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Ересектер арасында ең көп ауру түрлеріне тоқталатын болсақ. Ең көбі жүрек қан тамыр аурулары. 31 мың ересектің 6200-і осы қан тамыр ауруларына шалдыққан. Психикалық аурулар 5950, жүйке жүйесінің ауруларына келер болсақ-5800, түрлі жарақат алып түскендердің саны – 3790».

Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың статусы 12 назология бойынша онлайн режимде анықтала бастады. Онда өтініш берушінің қаншалықты ем алғанын ескере отырып, қашықтықтан шешім шығарады. Ол үшін елімізде оңалту бағдарламасы құрылған. Алайда Шымкент қаласында науқастарды қалыпты өмірге қосу шарасы айтарлықтай нәтиже көрсетпепті.

Бахтияр Өнербаев, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Оңалту бағдарламасын қарағанда өкінішке орай республикалық деңгейден төмен болып отыр. Республикалық деңгейде 6 пайыз болса, Шымкент қаласында 2022 жылы 4,9 пайыз. 2021 жылы одан да төмен 4 пайыз болды. Жартылай оңалтылғандардың саны 14,9-15 пайыз болса, бізде 2022 жылы 10 пайыз. Оның алдында 10,2 болған».

Мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына 2021 жылы 3060 адам қосылса, былтыр 3700 адамға алғаш рет мүгедектік тағайындалды. Оның ішінде 2500-і ересектер, ал 1200-і 18 жасқа дейінгі балалар. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек қаламызда ерекше күтімді қажет ететін жандардың саны карантиндік режим мен созылмалы аурулардың асқынуына байланысты артқан.