Шымкентте үш айда 346 адамнан қатерлі ісік анықталған

72

Шымкентте жыл басынан бері 346 науқастан қатерлі ісік анықталған. Бұл туралы қаланың бас онкологы мәлімдеді. Сондай-ақ, спикер рак ауруы анықталған науқастарға жүргізіліп жатқан ядролық медициналық тексерулер турасында баяндап, нәтижелерімен бөлісті.

Шымкентте жылдан жылға қатерлі ісік анықталған науқастар саны көбеюде. Мәселен, өткен 2022 жылдың үш айында қала бойынша 291 адамнан онкологиялық ауру анықталса, биыл жыл басынан  бері 346 науқастан аты жаман дерт анықталған.

Жақсылық Мәуленов, Шымкент қалалық онкологиялық орталығының директоры: «2023 жылдың 3 айында алғашқы анықталғандардың арасынан 0-1 сатысында 73 науқас алынса, бұл 23,1 пайыз.  Ал бес жыл және одан артық өмір сүруі бойынша 2023 жылдың 3 айында 52,5 пайыз болса, салыстырмалы 2022 жылдың 3 айында 51,5 пайыз, 1,0 пайызға өскен”.

Сондай-ақ, қаланың бас онкологы өткен жылдың соңында пайдалануға берілген ядролық медициналық орталықтағы тексеру жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Айтуынша, ПЭТ орталықта  850 науқас ем алса, 134 науқас  тексеруден өткен. Қатерлі ісік анықталған науқастар кешенді емді  стационарлық қызмет көрсететін мекемелерде қабылдайды. Салаға жауаптылардың сөзінше,  стационарлық қызмет көрсететін көпбейінді орталықтар саны артпақ.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары: “Қаланың шетінде 800 төсек орынды стационар салынуда. Бұл орталық көп бейінді аурухана болмақ”.

Айта кетейік, миллионнан аса тұрғыны бар үшінші мегаполисте қазір стационарлық қызмет көрсететін  15 орталық бар. Жыл басынан бері мұндай емдеу мекемелерінде 35 142 пациентке медициналық көмек көрсетілген.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аты жаман аурудың алдын алу үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Ол үшін арнайы Ашық есік күндері өткізілуде.

Лаура Нахыпқызы