Өзіне қажет аялдаманы өткізіп алған және жол ақысын төлемеген жолаушы ер адамның әрекеті жұртты шошытты. Оқиға Петропавл қаласындағы 5 “М” бағытындағы қоғамдық көлік ішінде болған.
Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаны @dtp_sko паблигі жариялады. Онда ер кісінің қоғамдық автобустың ортаңғы есігі алдында аялдамадан түсуге ниеттеніп тұрғанын көруге болады. Алайда ондағы есік ашылмаған соң жолаушы автобустың алдыңғы есігіне қарай беттейді. Ашуға булыққан ол «Не себептен есікті ашпайсың?» деп жүргізушіге тап береді. Мойын тұсын қылқындырғаны сол автобус жүргізушісі есінен танып қалады.
Жолаушылар ер кісінің бұл әрекетін түсінбей, оны автобустан түсіріп жіберуге тырысады. Абырой болғанда, жүргізуші көп ұзамай есін жиды.
Полицейлердің пікірінше, оқиға 8 сәуір сағат 19:30 шамасында болған екен. Жолаушы өзіне қажетті аялдаманы өткізіп алған және жол ақысын төлеместен автобустың ортасындағы есіктен шықпақ болған.
«Автобус Қизатов көшесіндегі аялдамада тоқтап тұрған кезде ер адам жүргізушімен және басқа жолаушымен жанжалдасып, бұзақылық әрекеттерін жасаған. Күдікті ретінде 67 жастағы тұрғын ұсталды» делінген ІІМ мәліметінде.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі “Бұзақылық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.